- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Сексеуілдің адам тіршілігіне...
Сексеуілдің адам тіршілігіне қандай пайдасы бар?
Жалпы көлемі 287 миллион гектар Қазақстан территориясының 165 миллион гектары құмды аймаққа тиесілі. Қазақстанның оңтүстік бөлігіндегі Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының көп бөлігі құмды аймақта орналасқан. Сары даланы мекен қылған халық қазірде құмнан да зардап шегуде. Құм көшінің салдарынан жылжыған құм ауылдарды басып қалып жатыр. Ал бұл процесті ауыздықтаудың амалы бар ма? Шалғайда құм астына көмілуге шақ қалған ауылдарды қайтсек қалпына келтіреміз?
1 түп сексеуіл 4 тонна құмды тоқтатады
Тығырықтан шығар жолдың бірі – сексеуіл отырғызу. 1 түп сексеуіл 4 тонна құмды қозғалтпай ұстап тұра алады. Шөлді аймақтардағы елді мекендерді құм басудан сақтау үшін сексеуіл отырғызу көктем айларында жүргізіледі. Ал процес қалай жүзеге асады? Бұны ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді:
«Біз бір жылдары сексеуіл санын арттыру үшін өсімдік тұқымын тікұшақпен сеуіп, тұқымның шығуына кедергі келтіретін зиянкестерді құртып, маңайдағы жылқыларды қуып, сексеуіл санының артуына жағдай жасадық. Әлемдік банктің жобасы аясында 2008-2014 жылдар аралығында 56 мың гектар жерге сексеуіл ектік. Сексеуіл отырғызу жұмысы өз нәтижесін беріп жатыр. Мойынқұмдағы сексеуіл алқаптарын қорғау мақсатында 2011 жылы аэропатруль ұйымдастырдық», - деді министрлік өкілі.
«4 тонна құм» арт-инсталляциясы
Алматы қаласындағы Құрманғазы-Байсейітова көшелерінің қиылысына сексеуілді сақтауға арналған «4 тонна құм» арт-инсталляциясы орналастырылды. Қала халқына сексеуілдің адам тіршілігіне қаншалықты маңызды екенін насихаттау мақсатында өсімдік жайлы ақпараттар да тақтаға ілінген.
Туындының авторы Ярослав Антонюк арт-обьектіні қалай жасағанын айтып берді.
«Экологиялық тақырыпты көтергіміз келді. Сексеуілді қазіргідей отай берсек, құмды аймақтағы ауыл халқының жағдайы қандай болатынын көрсетуді алға қойдық. «Неге 4 тонна» деген сұраққа келер болсақ, 1 үйдің толық көміліп қалуына 4 тонна құм қажет екен. Ал 1 сексеуіл 4 тонна құмды орнынан қозғалтпай ұстап тұра алады, яғни 1 түп сексеуіл 1 үйді құм астында қалудан сақтайды.
Бұл туындыны жасауға 2-3 ай уақыт кетті. Қарапайым тұрмыста қолданылатын құрылыс материалдарын пайдаландық», - дейді архитектор, дизайнер Ярослав Антонюк.
Қазақстанда құмға көмілген қандай ауылдар бар?
Қызылорда облысындағы Арал теңізінің маңында орналасқан ауылдарға құмның астында қалу қаупі төніп тұр. Көне Қаратерең, Аралқұм, Ақеспе сынды ауылдардың біраз бөлігін бүгінде құм басып қалған. Алматы облысындағы Бақбақты ауылының күйі де сондай. Бұл елді мекендерге қатынау да қиындық тудырады. Осы орайда Massaget.kz фотожурналисі Ернар Алмабек Ақеспе ауылы жайлы арнайы фоторепортаж дайындағанын еске саламыз. Ақеспе – құмға көмілген ауыл
«Жасыл мейрамхана» жобасы
2014 жылы Үкімет қаулысымен сексеуілдің барлық түрін отауға тыйым салынса, 2017 жылы сатуға тыйым салынды. Алайда қазіргі уақытта мейрамханалар мен тамақтану орындарында сексеуіл отын ретінде заңсыз қолданылып жүргені жасырын емес. Қызуы қатты отын кәуап, стейк сияқты ет тағамдарын дайындауға қолданылып жүр. Осы жағдайға тосқауыл қою мақсатында министрлік жаңа жоба бастағалы жатыр. Вице-министрдің айтуынша, бұл жоба бірінші Алматы қаласында 21 наурызға дейін үздіксіз жүреді.
«Алматы қаласындағы мейрамханалар арасында конкурс ұйымдастырып отырмыз. Жоба «Жасыл мейрамхана» деп аталады. Байқау аясында арнайы комиссия құрылып, қала мейрамханаларына рейд жүргізеді. Нәтижесінде экологиялық талаптарға сай жұмыс жасаған мейрамханалар сертификаттармен марапатталады. Біз бизнеске кедергі келтіргіміз келмейді, бірақ бизнес өкілдерінің тек ақшаны емес бір уақыт экожүйені де ойлағанын қалаймыз. Бұл бастамаға мейрамхана басшылары қолдау білдіреді деген сенімдеміз», - деді Ерлан Нысанбаев.
21 наурыз – сексеуіл күні
Биыл жұмысын бастаған жаңа министрлік «Халықаралық сексеуіл күнін» атап өтуді жоспарға енгізген. Ұзақ талқылаудан кейін таңдау 21 наурызға түскен. Оның себебі, наурыз айы шөлейтті аумақтарда сексеуіл отырғызуға өте қолайлы ай.
Сексеуіл қандай өсімдік?
«Сексеуіл құмды жерде өсетін, шөлге төзімді қатты ағаш. Оның Орталық Азия мен Араб елдерінде онға жуық түрі бар. Соның үшеуі қазақ жерінде өседі. Олар «ақ сексеуіл», «қара сексеуіл» және «Зайсан сексеуілі». Қазақстандағы орман алқабының 48 пайызын сексеуіл алып жатыр. Оның тамыры 25 метрге дейін барып, төменнен су сорады.
Мен биология ғылымдарының докторымын. Жиын барысында вице-министр сексеуіл санын арттыру жайлы айтты. Менің ойымша, қаншама шығын шығарып, тікұшақ шақыртып, жанармай кетірмес бұрын, бірінші тұқымды тазалап алу керек. Әйтпесе жасалған жұмыстың барлығы текке кетеді. Сексеуіл тұқымына үйір қанша зиянкестер бар. Солардан құтылудың жолын таппайынша, сексеуіл санын арттыру оңайға соқпайды», - дейді пофессор Абай Сағитов.
Арал теңізінің тұз түйіршіктері жел арқылы тарала берсе, онда тұздар Арктикаға дейін жетіп, мұзды еріту процесін жылдамдатуы мүмкін. Бұл тұжырым баяндалғанда дүниежүзі ғалымдары бұл мәселеге көңіл қоя бастады. Соның салдарынан Қазақстанда Аралдан ұшқан шаң мен тұзды тоқтату мақсатында сексеуіл ормандарын көбейту жұмыстары қолға алынды. Енді осы жұмыстарды жеделдету және орман алқаптарының санын арттыру мақсатында Қазақстан Кореямен іскерлік қарым-қатынас орнатып, мәселені шешу үшін кореялық технологияға жүгінуде. Биыл көктемде Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Корея Республикасының Орман шаруашылығы қызметі бірігіп, Қызылорда облысындағы Арал теңізінің кепкен табанына, 5 мың гектар аумаққа сексеуіл отырғызды.
А. Қажиев