- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Маңғаз дала Маңғыстау...
Маңғаз дала Маңғыстау аңыздары
Маңғыстау – Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан жазы аптап ыстық, қысы суық ежелгі өлке. Сіз мұнда келсеңіз тарихтың терең сырларына саяхаттап қайтасыз. Бұл, әсіресе, ерте заманда Тетис мұхиты болған Үстіртке жеткенде сезіледі. Бұл аймақтан осы уақытқа дейін қазба жұмыстары арқылы жануарлардың тасқа айналған сүйектері, тарихтың басқа да іздері табылады.
Маңғыстау – аңыз, әңгімелерге толы киелі мекен. Өлке туралы «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт қалды» деген нақыл сөз де кездеседі. Осыдан-ақ аймақтың қасиетті мекен екені анық аңғарылады.
Өңір атауының өзін кейбіреулер «мың қыстау» деп түсіндіреді. Төрт жасар қойдан таратылған деген нұсқалар да кездеседі (әрине бұл тек жорамал). Бірақ бұл топонимнің сенімдірегі – «Құбыжықтар тауы» деп аталуы. «Маңғыс» сөзі түркі және моңғол мифологиясында айдаһар деген мағынаны білдіреді. Бұл қаншалықты нанымсыз болса да, Ақтаудан жүз шақырым жерде жатқан Торыш алқабында жүргенде еріксіз сенесің.
«Шарлар мекені» деп аталатын бұл жерлер орасан зор тасқа айналған түзілімдердің миллиондаған жылдар бойы жинақталауының арқасында танымал болды. Алыстан ол ертегідегі айдаһардың немесе Самұрық құстың жұмыртқалағанына ұқсайды.
Ел аузындағы аңыздарда ертеде Маңғыстауға жау әскерлері келгенін, құдіретті Жаратушы жергілікті тұрғындардың тілегін орындап тас құрсауларға айналғанын айтады. Бұл жерді жаудан қорғаған алып Ерсары бабаның зеңбірегінің өзегі деген аңыздың нұсқасы да кездеседі.
Маңғыстау өңіріне ислам дінін әкелген сопылар Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттері деп те айтылады. Сопылардың көптігі сондай бұл ел «362 әулие елі» деп аталады. Солардың ішінде Шопан ата мен Бекет ата есімдері көп айтылып, халық арасында ерекше құрметке ие. ХІХ ғасырларда өмір сүрсе де халық барлық әулиелерді осы Шопан атаның шәкірттері деп атайды.
Шопан ата туралы көптеген аңыздар бар. Солардың біріне тоқталсақ, Шопан ата Маңғыстауға жаңа келген кезде Баян деген байға жұмысқа жалданады. Бай қулық ойлап шарт қояды, Шопан ата байдың қойын бір жыл бағып берсе, бай келер жылы туатын ақ төлдердің барлығын бермекші болады. Келер жылы мал төлдегенде қозылардың барлығы аппақ болып туылады. Сонда бай шартты өзгертіп, төлемге келесі жылы туған тек қара қозыларды беретінін айтады. Келесі жылы қозылардың барлығы көмірдей қара болып туады. Аңызда Шопан ата қойлардың су ішкен бұлағына дұға оқып берді делінеді. Осыған байланысты Шопан ата қой мен қойшылардың қамқоршысы деп айтылады.
Ел аузында осы елге исламды әкелген Шопан атаның немересі Шақпақ ата туралы да аңыз-әңгіме кездеседі. Каспий теңізі жағалауына жақын маңдағы жартасты мешіттер Шақпақ ата есімімен аталады. Ол кісінің есіміне байланысты тарихы мыңдаған жылдарға кететін жартасқа қашалған жазбалар, қабырғалары көне суреттермен безендірілген орындар бар. Әулиенің есімі саусағынан ұшқын шашырап, жаудың өзі жасқанатындай болғандықтан Шақпақ Ата деген мағына береді.
Халық арасында Шақпақ ата туралы аңыздар да көптеп кездеседі. Бірде Шақпақ ата бір ауыл жанынан өтіп бара жатып, күйеуі әйелін ұрып жатқанына еріксіз куәгер болады. Шақпақ ата әйелдің сөзін сөйлеп, құтқарып алады. Алғыс орнына әйел Шақпақ атаға еріп жүреді. Олар тоқтаған тіршіліксіз жерде жер астынан қайнар бұлақ көздері ашылып, жауын жауа бастаған дейді. Содан бері мұнда қиындықтан құтылып, тыныштықты қалағандар көптеп ағылады екен.
Бұл жерлерде судың тапшылығына байланысты көптеген аңыздар бар. Мұнда жауын-шашын өте сирек. Тұщы суы бар табиғи су қоймалары іс жүзінде жоқ.
Түбектегі ең көне мұнай-газ кен орындарының бірі аты аңызға айналған батыр қыздың құрметіне Қаламқас деп аталады. Аңыздарда Қаламқас Бозашы түбегіне қоныс тепкен Бектеміс әулетінің қызы дейді. Ол ертеректе өмір сүріп, ер азаматтармен бірге аңға да шығып отырған. Жау шапқыншылығы кезінде ерлер жауға аттанғанда қалған қарттарды, бала-шағаны асырауды Қаламқас өз мойнына алады. Ол өз серіктерімен бірге бір түнде құдық қазып, содан кейін аңға шығады. Ақбөкенді арнайы қазылған орға айдап бара жатқанда қыздың аты сүрініп, шыңырауға өзі құлап мерт болады. Батыр қыздың есімі күні бүгінге дейін сақталған. Оның есімімен аталған бұл аймақ қана емес, ежелгі қорым да бар. Ержүрек қыздың құрметіне жақында ескерткіш те орнатылды.
Маңғыстауда құдық қазу кәсібіне ежелден құрметпен қараған. Құдықшы, құдық қазушы ерекше мамандық. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінде Үстіртте ең терең құдық қазуды жоспарлаған құдықшы Еңсептің өмірі суреттеледі. Өмір бойы құдық қазып, елдің шөлін қандырған Еңсеп өмірінің соңында атақ-даңққа шөлдей бастайды. Өз есімін мәңгілікке қалдыруға деген ұмтылысы адамдарға көмектесуден маңыздырақ бола бастағанда өзі қазған соңғы құдығында мерт болады.
Бүгінгі Маңғыстау – туристік әлеуеті зор әсем өлке. Таңғажайып табиғи ландшафттар, көптеген тарихи ескерткіштер мен бай тарихы Қазақстанның басқа аймақтарының арасында ерекше мекенге айналдырды. Ал қатал климаты бізді күйбең тіршілікте шынықтырып, өмірді сүюге жетелейді.
Мақала авторы – Сергей Алексеенок
О. Сансызбай