Маңғыстау – туристерді таңғалдыратын таңғажайып мекен
Өлкенің табиғатын толық тану үшін ауасын жұтып, топырағына табан тіреу керек.
Табиғаты таңдай қақтырар, көркіне көз тоймайтын, саф таза ауасынан жаның жадырайтын, бойыңа ерекше әсер сыйлайтын Қазақстанның көрікті мекендері көп-ақ. Оны айтып та, жазып та тауысу, әсте мүмкін емес. Ал расымен "жат ғаламшардың пейзажын" көргіңіз келсе, онда Маңғыстауға барыңыз.
Жат ғаламшар дейтініміз – Маңғыстаудың табиғаты бейне бір Марста түсірілген фотоларды көз алдыңа елестетеді. Үстірттің аласа жондары, оларды бір-бірінен бөліп жатқан ойыс-ойпаттар, сортаң топырақты даласы мен алқызыл түске боялған жоталары бәрінен ерекше көрінеді.
Маңғыстау – көне дәуірден сыр шертетін әсем өңір. Адам аяғы тимеген тау жоталары қаншама ғасыр шежіресін бауырына басып жатыр. 362 әулие жатқан киелі мекен саналады. Өңірде жерасты мешіттері, балбал тастар, ескі қорымдар мен тарихи-мәдени ескерткіштер көп кездеседі.
Аймақта туризм саласы жыл санап дамып келеді. Қарт Каспий жағасындағы Ақтау қаласында бой көтеріп келе жатқан ғимараттардан көз сүрінеді. Ал жағалаулар жанға жайлы демалыс орындарына айналмақ.
Коронавирус пандемиясы әсерінен әлемде туризм саласы тұралап қалғаны жасырын емес. Ал кей елдер осы сәтті ұтымды пайдаланып, ішкі туризмді дамытуға күш салуда. Кейінгі кездері Маңғыстауға да келушілер саны артқан. Теңізге шомылып, өлкенің көрікті жерлеріне саяхаттаушылар көбейген. Бір ғана «Бозжыра» шатқалына тамыз-қазан айларында 2000 адам барған. Келер жылы көрсеткіш 5 есе артуы мүмкін екен. Жуырда "Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы" АҚ ұйымдастырған арнайы тур да өңір табиғатының өңін аша түскендей болды.

Бұл өңірдің әсем жерлеріне қолайлы саяхаттау үшін сізге жол талғамайтын көлік, күн райына байланысты қажетті киім-кешек пен ас-су алу қажет. Сондай-ақ баратын жолды алдын ала жоспарлап алу маңызды. Себебі Маңғыстау облысының аумағы кең. Мұндай жерге Еуропаның бір емес, бірнеше елі сыйып кетеді. Сондықтан бірер күнде аймақтағы барлық тарихи және көрікті мекендерді аралап шығу да мүмкін емес. Десе де "Kazakh Tourism" ұйымдастырған екі күндік экспедиция кезінде біразын көзбен көріп үлгердік.
Бірінші күн: Қарақия – Шопан ата – Қызылкүп – Бозжыра – Көгез
Қарақия – теңіз деңгейінен 132 метр төмен орналасқан Қазақстандағы ең терең ойпат. Тереңдігі жағынан Иордания мен Израиль шекарасындағы Өлі теңіз ойпаты, Қытайдағы Тұрфан ойпаты, Африкадағы Афар ойпаты, Мысырдағы Катар ойпатынан кейінгі бесінші орында. Сондай-ақ қазақстандық ойпатты Ай және Марс ландшафтымен жиі салыстырады екен.

Қарақиядан кейін Шопан атаның жерасты мешітіне жол тарттық.
Өкінішке қарай, мешіттің ішін түсіруге рұқсат берілмеді. Пандемияға байланысты жерасты мешітіне көп адамның кіруіне болмайды. Зиярат етуге уақытша тыйым салынғандықтан, шырақшы келген қонақтарға уағыз айтып, дұға оқыды. Мешітте Шопан атаның өзі, әйелі, қызы және жақындары жерленген.
Осы орайда жолнұсқаушымыз Шопан атаға қатысты аңызды айта кетті.

Бірде Шопан ата бақташы болып байдың қол астында жұмыс істейді. Сөйтіп бай Шопан атаға "Бір жылдан кейін қанша ақ бас қой шықса, соның барлығын саған беріп, ақыңды төлеймін" деген екен. Келісілген уақыттан кейін Шопан атаның қолынан мыңдаған ақ бас қой шығады. Бұған таңданған бай "Малымның барлығын беріп қоямын ба" деп келісімді тағы бір жылға созады. Бірақ енді талап бойынша қара бас қойлардың саны бойынша есептеседі. Бір жылдан кейін де мыңдаған қара бас қой шығады. Сөйтіп Шопан атаның бекер адам емес екенін түсінген бай оған қызын берген. Осылайша Шопан ата қойдың пірі атанған екен.
Шопан атаның жерасты мешітінен шығып, Маңғыстаудағы табиғаттың тағы бір тамашасы Қызылкүпке бет алдық.
Қызылкүп – бір кездері су астында жатқан қызыл түсті борлы тау. Жергілікті халық «тирамису» деп те атайды. Алыстан италиялықтардың осы бір тәттісіне ұқсайды да.
Қызылкүп
Қызылкүп – бір кездері су астында жатқан қызыл түсті борлы тау. Жергілікті халық «тирамису» деп те атайды. Алыстан италиялықтардың осы бір тәттісіне ұқсайды да.
Қызылкүп
Қызылкүп – бір кездері су астында жатқан қызыл түсті борлы тау. Жергілікті халық «тирамису» деп те атайды. Алыстан италиялықтардың осы бір тәттісіне ұқсайды да.
Left
Right
Бозжыра Қызылкүптен аса алыс емес. Бірақ екеуіне де жақын бару үшін қара жолға (топырақ жол) түсуге тура келеді.
Бозжыра – Ақтау қаласынан 300 шақырым қашықтықта орналасқан. Маңғыстаудағы табиғаттың ерекше сыйы. Аппақ жазық даладағы ерекше таулар көз жауыңды алады.
Мамандар шатқалды зерттеумен өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап айналыса бастаған. Жолнұсқаушымыз Людмила Петровнаның сөзінше, жапониялықтар мен италиялықтар көбіне жабайы туризмге қатты қызығатын көрінеді. Олар тіпті асфальт жоқ жолмен алып баруды сұрайды екен.
Людмила Петровна
Жапониялықтар өздерінің бетон джунглиінен шаршаған. Олар жерді суретке түсіргенді жақсы көреді. Италиялықтар да бұл жерлерді көргенде таңданыстарын жасыра алмайды
Маңғыстауда ерекше таулар мен жоталар, ойпат пен ойыстар көп. 5 миллион жыл бұрын Үстірт көне Тетис мұхитының астында болған. Алдымен алып толқындар жұмсақ әктасты шайып, одан кейін жел мен күн жер бедеріне алуан түрлі форма "сыйлаған".
Кешке "Көгез" этноауылына барып түнеуді экспедиция ертерек жоспарлаған. "Бозжырадан" қайтар уақыт таяғанда күн де ұясына батып бара жатқан еді...
Екінші күн: Көгез – Айрақты – Шерқала – Торыш – Шақпақ ата – Қапамсай
Келесі күні Көгез этноауылынан шығып, Айрақты тауларына қарай бет алдық.

Айрақты тауларына үстінен қарағанда бір шеті айға, бір шеті аттың тағасына ұқсайды екен. Сондай-ақ бұл мекенді Шоманай қамалдар алқабы деп те атайды.
Людмила Петровна бұл аймақтарға көбіне көктемнің аяғы, жаз мезгілінде келген дұрыс екенін айтады. Себебі сол кездері "Қызыл кітапқа" енгізілген соғды қызғалдағы жайқалып, аңғарда тасбақалар өте көп жүреді екен.
Жолай Шерқала тауын алыстан көре өттік. Маңғыстаудың символы деседі. Ақтаудан солтүстік-шығысқа қарай 180 шақырым қашықтықта орналасқан. Алыстан ұйқыдағы арыстанға ұқсайтын Шерқала жайлы ерлік-дастандар мен аңыздар халық арасында көп тараған. Ертеректе талайларға көлеңке, пана болған деседі.
Шерқаладан кейінгі бағыт – Торыш
Торыштың таңғажайып тастары
Торыш – қазақ даласындағы тылсымға толы мекендердің бірі. Ондағы домалақ тастар құдды бір қолдан құйылғандай. Расында қолдан жасалмаған. Сан ғасырлық сырды ішіне бүгіп жатқан таңғажайып тастар.

Бірі алақанға сыятын, бірі адам бойынан асатын тастар бір-екеумен шектелмейді, ұзындығы 60 шақырым жерде шашылып жатыр.
Ғылым тілінде "конкреция" деп аталатын тастардың пайда болуына қатысты ғалымдардың нақты жауабы жоқ. Дегенмен болжамдар бар. Сол болжамдардың бірі бойынша, бұл тастардың алдымен өзегі қалыптасып, кейін соның маңына түрлі жыныстар қабат-қабат болып жиналған делінеді.
Торыштан кейінгі жол Шақпақ ата жерасты мешітіне түсті. Киелі орын XIV ғасырда салынған. Мешіт өзара айқасқан төрт бөлмеден тұрады.
Мешіт орналасқан жартастың етегінде ежелгі қорым бар. Бұл жерлеу орнының тарихы орта ғасырдан бастау алады.

Жалпы Маңғыстау облысында 20-дан аса жерасты мешіті табылған. Алайда жергілікті археологтардың айтуынша, жерасты мешіттерінің саны одан да көп болуы мүмкін.
Шақпақ ата жер асты мешітінен кейін көлік басы Қапамсайға бұрылды. Мұнда тас дәуірінде еңбек саймандары жасалған.
Қапамсай
Түбі кремнийлі тастарға толы борлы тік жартастардан тұратын бұл сай Қапам деген әулиенің атымен аталған.
Қапамсай
Бір кездері сай ішімен өзен аққан. Ал оған дейін бұл жер теңіз түбі болған. Тіпті, сайды аралаған адам кезінде теңіз түбін мекендеген түрлі жәндіктердің қалдығын табуы да ғажап емес.
Left
Right
"Біз барған жерлер – Маңғыстаудағы тарихи, киелі және көрікті аймақтардың бір парасы ғана. Бармағаны қаншама? Ал тағы бір онлайн саяхаттағыңыз келсе, онда сайтымыздағы "Үстірт құпиясы" экспедициясынан дайындалған фоторепортажды қарап шығуға кеңес береміз.
Үстірт құпиясы
Сіз жол жүруден шаршамасаңыз, Маңғыстау тамсандырудан танбайды. Өлкенің табиғатын толықтай тану үшін ауасын жұтып, топырағына табан тіреу керек.
Дайындаған
Өмірбек Сансызбай
Журналист
Сымбат Сатыбалдина
Журналист