- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Дарындылар додасы Алматыда...
Дарындылар додасы Алматыда
Дәл қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде «Ең дарынды болашақ журналист» атты журналистика мамандығы бойынша республикалық пәндік Олимпиада өтуде.
Бұл додада еліміздің әр аймағынан келген жоғарғы оқу орындарының ең үздік студенттерінен құралған он команда бақ сынауда.
Олимпиада ережесі бойынша, студенттер сайыстың алғашқы турында журналистика мамандығының негізгі пәндері бойынша тест сұрақтарына жауап берсе, одан кейіңгі кезеңде «Ең үздік таныстыру» , «Ең үздік болашақ телерадиожурналист», «Ең үздік болашақ фотожурналист», «Ең үздік болашақ баспасөз және онлайн журналист» номинациялары бойынша өз біліктіліктерін көрсетуде.
Іс-шарадан бір көрініс
Аталған сайыс турасында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Журналистика» факультеті деканының ғылыми-инновациялық істері жөніндегі орынбасары Қарлыға Мысаева: "Олимпиада ойдағыдай өтіп жатыр. Біздің ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – әр облыстың журналистика мамандығындағы студенттерінің бағыт-бағдарын бағамдау, олармен байланыс орнату", - дейді.
Болашақ журналистерге «Жас Алаш» газетінің фотожурналисі Асылхан Әбдірайымұлы, «Азаттық» радиостанциясының Алматыдағы бөлімінің бас редакторы Қуанышбек Қари, сондай-ақ «Түркістан» газетінің меншікті тілшісі, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы, «Қазақстан» ұлттық арнасының продюсері Жаңыл Асылбекова және «Inspire» медиакомпаниясының бас директоры Ертай Нүсіпжанов қазылық етті.
Олимпиада қорытындысы әлі анықталған жоқ, бірақ сайысқа түскен әрбір топ өздерінің жеңіске лайық екендіктерін айтады.
Автор: ЖасStar тобы
Сурет: жеке мұрағаттан
Қ. Қауымбек