- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Бүгінгі туристік аймақтар...
Бүгінгі туристік аймақтар жайлы Асан Қайғының өз заманында айтқандары
Асан Қайғы – ХІV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басында өмір сүрген ақын, жырау, философ.
Жаһанданып жатқан заманымыздың жасандылығы көп болса да өмір сүруге ыңғайлы, қауіпсіз, тыныш. Қалаған дүниеніңіздің барлығы да қолжетімді. ХХІ ғасыр өзінің дамыған технологияларымен жаңалық жасады. Бұл заманда «мүмкін емес» деген тіркестің өзі көнеріп бара жатқандай. Адами құндылықтарынан ажырап бара жатқан адамның бар қайғысы ақша, жұмыс, тұрмыс. Асан Қайғының қайғысы басқа еді. Қазіргі көзқараспен қарасақ, шұрайлы жер іздеп, ел-жерді толығымен аралап шыққан бабамыз бүгінгі туризмнің негізін салушы сияқты. Қазақ даласында саяхаттап, Атырау мен Алтайдың арасын желмаясымен желіп жүріп сапарлаған белгілі турист. Қазіргі саяхатшылар сияқты ол кісі де барған, көрген жері жайлы міндетті түрде пікір қалдырып отырған. Бүгінгілерден айырмашылығы, елдің тұрмысына жайлы жерұйық іздеймін деп аңсаған арманы бары.
Асан Қайғының жерге айтқан сындары бүгінде әр өңірдің тарихын толықтырып тұр. Қазіргі Қазақстанның туристік аймақтарына айтылған сол замандағы бабаның пікірлерін қарап көрелік.
Еліміздегі ең үлкен суқоймасы бар ерке Ертістің суына қарап, бұйраланған толқынына тамсанып: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарыным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен», - депті.
Талай тарихи оқиғалардың куәсі болған Баянауылды көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар екен, тұзы ауыр екен, бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен», - депті.
Бүгінгі астанамыздың ортасынан еркелей аққан Есілді көргенде былай деді: «Жары мен суы тең, жарлысы мен байы тең болатын жер екен».
Ертеректе Яссы болған бүгінгі Түркістан қаласына жеткенде қаланың қожа-молдаларына көңілі толмай қапа болды. «Ай, қарыс жері бір арық, жер сорлысы мұнда екен, әйелі семіз, ері арық, жұрт сорлысы мұнда екен».
Тарихи қала Шымкент, Сайрамды көріп: «Екі басса, бір базар: малында береке болмайтұғын, екі басса бір мазар: басында береке болмайтұғын. «Базары жақын байымас, мазары жақын көбеймес», - деп қапа болыпты.
Қорғалжын аймағына аяқ басып: «Кедейі кербез, кемпірі, келіншегі ғұмырында мұқтаждық көрмейтін жер екен. Кәсібі, балығы, базары қызық, қайғысы жоқ, халқы тыныш. Тек орталарында көңілдерін көтеріп, шығып отыратын қақ төбесі жоқ екен. Теп-тегіс жер екен», - деп кеткен.
Алакөлдің топырағына табан тіреп, тарихи оқиғалардың осы маңда боларын болжағандай: «Ұрыстың иісі шығып тұрған жер екен», - депті.
Асан қайғы өмірден озар шағында: «Сарыарқаны орыс алады, күндердің күнінде молам орыстың атының аяғының астында қалғанын қаламаймын. Орыс бармайтұғын жерге барамын», - деген екен. Осы айтқандарынан болар, бабаның бейіті Ұлытаудың басында орналасқан.
А. Қажиев