- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Аягөзде пайда болған...
Аягөзде пайда болған «Жанатын көл» жайлы білесіз бе?
Шығыс Қазақстан облысына қарасты аумақта түнгі сағат екілерде жарқырап жанатын көл табылды.
Қазақстандағы туристік саланы дамыту үшін еліміздегі елеусіз қалған туристік орталықтарды дамыту ісі жандану керек. Соңғы жылдардағы ең танымал демалыс орындарына айналған Бурабай, Алакөл кешендерінің қатарын толықтыру жүзегу асу керек. Ішкі туризмде 2015 жылдың ең негізгі жаңалығы болған Аягөздегі жанатын көлдің танымалдылығын арттыру – бұл саланы жылдам дамытудың ең тиімді жолы.
Балқаштан 100 шақырымда жатқан бұл көл Аягөзге жақын орналасқан. Осы уақытқа дейін құпиясын тұңғиығында сақтап келген көлдің жұмбағын осыдан екі жыл бұрын журналист Нұрбек Бекбау көпшілікке жариялады. Шілде айының ортасында, түңгі сағат екілерде жарқырап жанатын табиғаттың бұл тылсым құбылысы не екен деп, барлығы теледидарға үңілген заман болды сол тұста. Зерттеу бойынша, көлдің жарқырап жануы үшін айлы аспан және самал жел керек екен. Табиғаттың жасап жатқан операциясының кереметтілігін қараңыз. Жоғарыда айтқан уақытта көл ортасы құдды ертегідегі көріністердей көп-көңбек түске еніп кетеді. Сәл уақыт кідірсеңіз, әлгі көл ортасындағы жарқырауықтар жағаға қарай ағылады екен. Қолмен ұстап көрсеңіз, өте қоймалжың сұйықтық жарық шашып тұрады. Қозғалыссыз бір орнында тұрса сөніп қалады. Қоймалжың суды қимылдатқан кезде жақыннан қарасаңыз көз ауыртарлықтай жарқырайды.
Ғаламтордағы хабарлар бойынша, бұл ғаламат құбылыс Аустралия құрлығындағы Гипселенд көлінде де көрініс табады екен. Түн баласында ерекше түске енетін су қоймасын көбісі «Неонды көл» деп атайды. Бұндағы су жарығы көбіне орман өртенген кезде қатты жарқырайды. Яғни, жылуды сезінген сайын жарқырау қасиеті артатын көрінеді. Ерте ғасырларда Плиний көлдің осы түрі жайлы «Жаратылыс тарихы» кітабында жазған. Тіпті, 1492 жылы саяхатшы Христофор Колумбтың серіктері судың бұл ерекше түрін көріп таң-тамаша болған. Қазіргі уақытта, судың құрамын зерттеу ғылымға жеке сала ретінде енгізілген.
Аустралия жер бетіндегі ең көне жануарлар мен тірі ағзалардың мекен ететін жері екені бесенелен белгілі. Сондықтан, бұл құбылыстың Аусталияда болуына айтарлықтай таңғалмаймыз. Ал, Аягөзге қайдан пайда болды? Ең негізгі сұрақ, судың құрамындағы жарқырап жатқан қандай жаратылыс?
Жауабы мынадай болмақ, шілденің түн қараңғысында жұлдыздай жарқырайтын ол, кішкентай ғана шаянның уылдырықтары екен. Өзі де денесіндегі қабығы арқылы жарық шашады. Жоғарыда айтқандай, толқындар бұл жәндіктерді жағаға қаптатып шығарып тастайды. Осы төңіректің бозбалалары бұл уақытта жағаға келіп, шаянның жарқырауығын аулаумен айналысады. Жарық шашқанымен қоймай, бұл шаянның тіл үйірерлік керемет дәмі бар. Кәріс ұлтты азаматтар осы жәндікті аулау үшін, арнайы алыстан іздеп келеді.
Бұл жәндік Аягөзде қайдан пайда болды?
Сұрақтың жауабын табу мақсатында Қазақстандағы биология, экология ғылымдарының мамандары зерттеу жасап көрді. Шаянның бұл түрі үйде теңіз балықтарын асыраған қазақстандықтың аквариум суын осы көлге құятын өзендердің біріне төгуінен таралуы мүмкін. Бұл теңіз жәндігінің жылдам көбейетіндігін ескерсек, ғалымдардың айтқан пікіріне сенуге болатын сияқты.
Қазақ жеріндегі осындай таңғаларлық табиғат туындыларын әлем туристеріне көрсету арқылы ел экономикасын қуаттап алуға болады. Кей елдер тек туризмнің арқасында мемлекет қазынасын толтырып, қарқынды дамып келеді. Неге бізге де осы принципті ұстанбасқа?!
А. Қажиев