- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Алатаудың қоңыр аюы...
Алатаудың қоңыр аюы жайлы дәріс оқылады
12 желтоқсан күні Алматы қаласындағы Аюсай шатқалындағы визит орталықта тауға шығу, экология және қоңыр аю жайлы дәрістер оқылады. Оған ҚР Зоология институтының ғылыми қызметкерлері, танымал экологтар мен еріктілер сипкер ретінде қатысады. Шараға қатысу тегін.
Биыл Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағында ашылған "Аюсай" визит орталығының құрылғанына бір жыл болды. Аюсай шатқалы Алматы қаласының түбінде орналасқан. Теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте жатыр. Мұнда қала жұрты мен туристтер таза ауамен тыныстап, Іле Алатауының асау өзендері мен бұлақтарын, Тянь-Шань шыршасын, қарағай орманын көруге келеді. Шатқалға шыққан адам тыныштықты жан-дүниесімен сезініп сергіп қалады.
Өз кезегінде "Аюсай" визит орталығы туристтер мен тауға шығуға келген қала жұртына тауда жүрудің қауіпсіздігі мен экологияны қорғау амалдары жайлы ақпарат беру мақсатында құрылған.
Орталық бір жылдың ішінде он шақты шара ұйымдастырған. Іле Алатауы табиғи саябағын таныстырудың да орталықтың міндеті. Жақында ҚР Зоология институтымен бірігіп "Қар барысы апталығын" өткізген. Барыс жайлы дәрістер оқылып, фотогалерея ұйымдастырылды. Еріктілердің көмегімен Аюсай шатқалынан бір тоннадан аса қоқыс шығарылған.
Осы орайда Халықаралық тау күні аясында дәрістер сериясын өткізбек. Бағдарлама бойынша, ҚР Зоология институтының ғылыми қызметкері Санжар Қаңтарбаев қоңыр аю жайлы, Helloeco экологы Сания Аринова табиғатты қорғау жайлы, Іле Алатауы табиғи паркінің волонтерлары тауға оңай шығудың жолдары, психотерапевт, нейрофизиолог Герман Подолин тауда жүріп жарақат алмаудың жолдары жайлы дәріс оқиды.
Шараның басталуы: 12 желтоқсан, 13.00. Аюсай визит орталығы.
Қ. Слямбек