- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Алакөлде «бес жұлдызды»...
Алакөлде «бес жұлдызды» демалыс кешені ашылды
Алакөл көлінің Алматы облысына қарасты жағалауында «бес жұлдызды» демалыс орнының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ақши ауылында орналасқан ғимаратқа бір уақытта 450 адам еркін сыяды. Бұл демалыс кешенін тұрғызу үшін 4 миллиард теңге инвестиция тартылды.
Ғимараттың ашылу салтанаты рәсіміне облыс әкімі Амандық Баталов арнайы барды.
«Баршаңызды заманауи көпсалалы «Көктем Гранд Ресорт» қонақжай кешенінің ашылуымен құттықтаймын. Осы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Алакөлге жұмыс сапарымен келген кезінде көл жағалауының инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Сондай-ақ бұл жұмыстарды әрі қарай да қарқынды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сондықтан да бүгінгі ашылып отырған «бес жұлдызды» заманауи қонақжай кешені - Елбасы тапсырмасын орындау жолындағы тағы бір қадам деп санауға болады. Осы тұста дәл осындай ауқымды жобаны жүзеге асырғаны үшін жерлесіміз, кәсіпкер Мұрат Әділхановқа ерекше алғысымды білдіремін», - деді Амандық Баталов.
5 қабаттан тұратын көпсалалы қонақжай кешенінде барлығы 107 бөлме бар. Оның 97-сі стандартты, 4-люкс және біреуі президенттік люкс санатындағы бөлмелер. Демалыс орны 16 гектар жерді алып жатыр.
Қонақжайда демалушыларға барлық жағдай жасалған. Демалыс кешеніндегі кафе, саябақ, монша, караоке, клуб, дүкен, балалардың ойын алаңқайы, воллейбол және теннис алаңы, кітапхана, автотұрақ жоғары деңгейде демалушыларға қызмет көрсетіп тұр. Демалыс орнында 80 жаңа жұмыс орны ашылды.
Алматы облысының әкімдігі Алакөл көлінің инфрақұрылымын дамытуға бар кұшін салып жатыр. Дәл қазіргі статистикалық мәліметтердегі деректер бойынша, Алакөл ауданында туристерді қабылдауға арналған 213 нысан бар екен. Бұл Алматы облысындағы барлық туристік қызмет көрсететін нысандардың 30 пайызын құрайды.
А. Қажиев