Алакөлдің даласында күнде жиын, күнде жел

Алакөлдің даласында күнде жиын, күнде жел
Фото: solarhome.ru, vk.com

Әлеуметтік желіде Алакөлдің желі жайлы бейнежазбалар қаптап кетті. Жоңғар қақпасынан гулей соққан қатты жел жүк көлігінің тіркемесін аударып, іркес-тіркес пойыздың вагондарын рельстен шығарған. Айдынды Алакөл бұрқ-сарқ етіп долданғаннан жағалаудағы біраз жарқабақ құлап түсіпті.

Алакөл ауданы – қай заманнан қатты желімен айрықшаланатын оңтүстік-шығыста орналасқан киелі мекен. Алакөл даласының күншығысында айдынды Алакөл көлі, батысында ұшар басы бұлтқа тірелген қарт Жоңғар Алатауы. Тау мен көлдің ортасында үнемі Ебі, Сайқан желі үзілмей соғады. Осыған қарап, ертегідегі Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқтарың Алакөлдің тумасы емес пе екен деп қаласың?!

Көз сүйсіндірер табиғатқа ие бұл аймаққа Асан қайғы бабамыз келіп, «Қазаққа құт боларлық мекен екен, бірақ ұрыстың исі аңқып тұр» деп сын айтқан. Айтса айтқандай, бұл аймақта қазақ-жоңғар шапқыншылғы кезінде талай қанды қақтығыстар орын алды. Ата жауды туған жерден Үрімшіге дейін қуған Қабанбай батырдың тұрағы осы өңірде болған. Дарабоз ата жауды біржолата жеңіп келгенде Абылай хан осы өңірге, Жалаңашкөлдің тұсына 100 үй тіктіріп, 40 күнге жалғасқан үлкен той жасапты.

Тарихи деректерде аты шулы Ебі желі жайлы XVIII-ХІХ ғасыр саяхатшыларының сапар барысында күнделіктеріне түсірген естеліктері бар. 1253 жылы арнайы тапсырмамен Моңғолияға, Мөңке ханға «ұлы миссиямен» аттанған монах Гильом Рубрук Алакөл жеріне келеді. Моңғолдарды христиан дініне кіргізу мақсатымен жолға шыққан саяхатшы жергілікті жердің халқына сипаттама берумен қатар, осы тұстағы қалалар туралы да дерек қалдырған. Мына бір жазбада «Қайлық (Қойлық) қаласынан өткен соң облыс орталығына келдік...Теңіз көрдік, ортасында үлкен арал бар», - деп айтылады. Яғни, бұл көл, сол тұста «Гаган» аталған қазіргі Алакөл көлі. «Сол жерде тасты ұшырып кетерлік қатты жел соғады, жергілікті халық оны «Нөбе» деп атайды» деп Ебі желін тілге тиек етеді. Рубрук Жоңғар Алатауы мен Барлық тауының арғы жағында көл бар екенін, бергі жағындағы өзенді «Тоқта» деп атайтынын, арғы жақ бөлігінде «Ебінұр» деген көл жатқанын жазады.

Тарихта Алакөлдің тұсына өз ордасын салдырған Күйік ханға орыстың атақты кінәзі Ярослав Всевололдович келген дейтін дерек бар. Ол орыстың атақты батыры Александр Невскийдің әкесі еді. Ярослав Всеволодович Алакөлде Күйік ханның ордасында азаппен өлтірілген. Оның сүйегі Алакөл өңірі арқылы Ресейдің Владимир қаласына арбамен жеткізіліп жерленеді. Бұл топта бірнеше батырдың серігі және Темер деген тілмәш болған. Темердің күнделігінде Алакөл көлі керемет суреттеледі. Бір жағындағы Жоңғар Алатауы бұларға үлкен әсер қалдырған. Бірақ, сол кезде жергілікті Ебі желі елсіре соғып, тас ұшырып, жолаушыларға үлкен азап көрсеткенін әлгі тілмаш күнделігінде суреттеп жазады.

Ебі желі Қытай жерінде орналасқан «Ебінұр» көлінен бастау алып, Жоңғар қақпасы арқылы Алакөлге келеді. Екі таудың ортасындағы қуыс қақпада желдің жылдамдығы сағатына 80 км\сағ-қа дейін барады. «Жел тұрмаса шөптің бас қимылдамайды» дегендей жергілікті тұрғындар билікке бұл маңнан жел энергия станциясын тұрғызу керектігін алға тартып, ұсыныс тастаған. Бірақ, алғашқы жылдары бұл идеяны билік басшылары қолдағанымен іс жүзінде жүзеге аспапты.

А. Қажиев