- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Алакөл аймағында дуатлоннан...
Алакөл аймағында дуатлоннан дүбірлі дода өтеді
18 шілде күні Алматы облысы Алакөл ауданы Ақши ауылында дуатлон спортынан республикалық турнир өтеді. "Алакөл 2018" деп аталған бұл дүбірлі доданы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр.
Кең алқапты қазақ даласының оңтүстік-шығысында орналасқан қасиетті мекен – Алакөл өңірі ерекше табиғатымен, шипалы суымен республикаға, алыс-жақын шет елге танымал. Шығысында ұшар басы аспанға тірелген қарт Жоңғар Алатауы, батысында Қазақстандағы ең терең көл әйгілі Алакөл орналасқан. Тау мен көлдің ортасында тентек баладай долданып Ебі желі соғады. Ертегідегі Таусоғар, Көлтауысар мен Желаяқ осы мекеннің тумасы ма деп қаласың, кейде. Себебі, аумақтың табиғатын осы 3 кейіпкер өз есіміне еншілеп алғандай. Қиял, әрине.
Атаулы спорттық шара өткелі жатқан қасиетті Алакөлдің топырағына аунап, шаңын жұтып өскен жергілікті спортшылар жетерлік. "Найман" лақап атымен танымал жекпе-жек шебері Қуат Хамит, еркін күрестен Олимпиада жүлдегері Айдын Смағұлов, бокстан жарқын жеңістерімен халықты сүйсіндіріп жүрген Жәнібек Әлімханұлы сияқты майталман спортшылар осы өңірдің тумалары.
Алакөл ауданының құрылғанына биыл білдей 90 жыл толады. Дүбірлі мерейтойды алакөлдіктер тамыз айында тойламақ. Жоңғарларды қазақ жерінен біржолата қуып шыққаннан кейін Абылай 40 күн той жасаған Алакөл даласында биыл 90 жылдықтың алапат тойы болғалы тұр.
Алакөл суының шипалылығына күмән келтірген адам жоқ. Жаугершілік заманда ұлы қолбасшы Шыңғыс ханның өзі дәл осы көлге жеңілуді білмейтін аса қуатты жауынгерлерін арнайы алып келген. Түрлі аурудан арылу үшін қылыштан жараланған әскерлерін Алакөлдің суына шомылдырып, айықтырып отырған. Алакөл суының емдік қасиеті бүгінгі дәуірде де ел аузында. Кеңес үкіметі өз заманында көлдің жағасынан ғарышкерлер үйін тұрғызып, космостан оралған ғарышкерлерді Алакөл суына шомылдырып, радиациядан арылтқан.
Соңғы жылдардың ішінде Алакөл көлінің туристік әлеуетін арттыру жұмыстары тікелей Елбасының тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Ішкі туризмді жандандыру қолға алынғалы Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында былтырғы жылы әуежай іске қосылды. Ал биыл, 9 мамыр күні Елбасы туристік орындағы жағдайды бақылау үшін Алакөлге арнайы барып, жалпы өңірдің хал-ахуалымен танысты. Сапар барысында облыстық және жергілікті билік өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, елдегі ішкі туризмді жандандыру мақсатында Алакөлде ертең дуатлоннан жарыс өтеді. Турнирді тамашалау үшін ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі Алакөлге аттанады. Естеріңізде болса, бұл шара қазақстандық танымал спорт және өнер саласындағы жұлдыздардың атсалысуымен былтырғы жылы жоғары деңгейде ұйымдастырылған еді.
Көбіміз биатлонды беске білсек те, дуатлонның ережесімен толық таныс емеспіз. Дуатлон 2 немесе 3 кезеңнен тұратын спорт түрі. Бірінші кезеңде спортшылар алыс қашықтыққа жүгірсе, екінші кезеңде велосипедпен жарысады. Кейде, үшінші кезеңнің тапсырмасы бойынша спортшылар суда жүзіп бәсекелеседі. Алакөлде өтетін жарыстың талабы бойынша, жүгіруге 5 шақырым, велосипедпен жарысуға 10 шақырым, жалпы 15 шақырымдық жол жүрілмек.
Айдынды Алакөл еліміздің түпкір-түпкірінен келетін дуатлон спортшыларын асыға күтіп отыр. Сәтін салса сәрсенбідегі ойын ойдағыдай өтеді деп сенеміз.
А. Қажиев