Еліміздің ұлттық валютасы – теңгеге 28 жыл толды

15 қарашада Қазақстанда "Ұлттық валюта" күні атап өтіледі, 1993 жылы дәл осы күні республикада теңге айналымға енгізілді.

"Теңге" атауы ортағасырлық түркілердің теңге – ұсақ күміс монета атауынан шыққан. Қазақстандық валюта банкноттарының алғашқы партиясы Ұлыбританияда, ал алғашқы монеталар Германияда соғылған. Ол үшін Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағым Дүзелханова және Хайрулла Ғабжалилова сынды дизайнерлер тобы Еуропаға барған.

Екі жылдан кейін елде банкнот фабрикасы ашылды, олар кейінірек жаңа банкноттарды шығара бастады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның валютасы дизайнның өзгеруі, девальвацияның бірнеше толқынын, инфляцияны бастан өткерді.

Теңге алғаш айналымға енген кезде бір доллардың құны төрт теңге 70 тиын болды. Келесі төрт жылда ұлттық валюта баяу құнсыздана бастады, 1998 жылы бір доллар үшін 84 теңге шегіне жетті.

Бастапқыда 1 теңгеден 100 теңгеге дейінгі банкноттар болды. Алғашқы банкноттарда белгілі тарихи тұлғалардың портреттері бейнеленген:

1 теңге – әл-Фараби портреті;
3 теңге – Сүйінбайдың портреті;
5 теңге – Құрманғазының портреті;
10 теңге – Шоқан Уәлихановтың портреті;
20 теңге – Абай Құнанбаевтың портреті;
50 теңге – Әбілқайыр ханның портреті;
100 теңге – Абылай ханның портреті.

1995 жылы 1000 теңге айналымға енді, 2000 теңге – 1996 жылы, 1998 жылы – 5000 теңгелік купюра айналымға енді. 2007 жылы 14 қарашада ескі үлгідегі ақша айналымнан шықты. 2006 жылы 200 теңгеден 10 000 теңгеге дейінгі жаңа сериядағы банкноттар басып шығарылды.

2001 жылы тиындарды айналымнан шығару ережелері бекітілді.

2006 жылдың қарашасында Ұлттық банк теңге рәмізін салу бойынша конкурс өткізді. 2007 жылдың 29 наурызында конкурсқа жіберілген 30 мың суреттер арасынан жаңа теңгенің дизайны бекітілді. Оның авторлары Вадим Давиденко мен Санжар Амерханов 1 миллион теңге (сол кездегі бағам бойынша – шамамен 8 мың доллар) сыйақы алды. Сонымен бірге, Қазақстанның Ұлттық банкі және  "Альянс банкі" атынан қосымша 5 мың доллар берілді.

Бұған дейін қазақстандық экономистер 2022 жылы доллардың теңгеге шаққандағы бағамы қандай болуы мүмкін екенін, сондай-ақ ұлттық валютаның әлсіреуі немесе нығаюына қандай факторлар әсер ететінін айтқан еді. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2022 жылы Қазақстанда доллардың орташа бағамы 430 теңге болады.