Ауаны ластайтын кәсіпорындар жұмысы қатаң қадағаланады

Ауаны ластайтын кәсіпорындар жұмысы қатаң қадағаланады
Фото: inbusiness.kz

Еліміздегі ірі қалалардың ауа сапасы сын көтермейді. Көп қалаларда ауаның ластану деңгейі жоғары. Мұны шешудің қандай жолдары бар? Техногендік сипаттағы төтенше жағдайға жеткізбес үшін не істеу керек? Бұл мәселе жайында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жауап берді.

Мегаполистердегі ауаны ластаушылар – ірі кәсіпорындар. Қазіргі таңда бұл мәселе өте өзекті. Өзекті ретінде талқыланып қана қоймай, алдын алу бойынша арнайы жұмыстар да атқарылуда екен. Бүгінде қоршаған ортаға көбірек зиян келтіруші кәсіпорындар саны тізілген. Серікқали Брекешов олардың саны 16 деп атап көрсетті. Сондай-ақ әрқайсысымен тиісті кездесулер өткізген.

"Кәсіпорындар ластаушы шығарындыларды азайту үшін арнайы шаралар бекітті. Сол арқылы алдағы 5 жылда шығарындылар 20% азаюы тиіс. Сондай-ақ, ең озық қолжетімді технологиялар енгізіледі. Бұл жаңадан қабылданған Экологиялық кодекс шеңберіндегі басты міндеттердің бірі. Бұдан басқа, 2020 жылы қоғамның қатысуымен өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу және ластаушы заттар шығарындыларын азайту бойынша жол карталары әзірленді. Бұл шаралар ауа сапасын жақсартуға септігін тигізеді", - деді министр.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес "Жасыл Қазақстан" Ұлттық жобасын әзірледі. Ұлттық жоба халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Құжат төрт негізгі бағыттан тұрады. Жалпы жоба 11  міндеттен тұрады, олар бойынша 19 көрсеткіш және 48 іс-шара айқындалған.

Ұлттық жобаның бірінші бағыты – "Таза Қазақстан" деп аталады. Мұнда атмосфералық ауаның ластануын азайту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, тұйық циклдегі экономиканы дамыту және тарихи ластануларды жою, елдің су объектілерінің экожүйелерін сақтау мақсаты назарға алынған. Жоғарыда айта кеткендей, ауаны ластаушы – өнеркәсіптік кәсіпорындар. Олар көбіне көмірді тұтынады. Бұл проблеманы шешу үшін ауаның жоғары ластануы бар 10 қалада 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы шығарындыларды 20%-ға қысқарту жоспарланып отыр.

Н. Үсенова