Ауыл – ел бесігі

Ауыл. Көк желекке біткен таңғы шық. Самаурыннан шыққан түтін, күнмен таласа шақырған қораздың даусы, таңғы шайға сүт сауып әкелуге кеткен әженің қолындағы шелектің даусы, қазанда қуырылған бауырсақ. Радиодан Шәмші әндерін тыңдап, даладағы сәкіде жатқан атай.

Әдемі көрініс. Оқып отырып, бала күнің еске түсердей. Қаланың жалт-жұлт еткен шамдары кім-кімді еліктірмей қоймасы анық. Арман қуып, оқуға қалаға аттанарда ауылды қимастық сезімі бойды билейтіні де бар. Сірә, бұл ауыл баласының бәріне тән болар. Арман-мақсаты орындалған кез келген бозбала-бойжеткен  қала тіршілігіне сіңісіп кеткеннен әрі дос-жаран тауып, құрбылармен бірге қызмет істегеннен сол жерден орнын табады.

Ал ауылға деген сағыныш Raim-ның әндерін естіген соң, "Келінжан" сериалын көргеннен кейін қайта оянады. Ретро әндермен өріліп жататын сан түрлі естеліктер де еске оралады. Қазіргі ауыл баласы мен бұрынғы ауыл баласының естелігі ұқсай ма? "Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның" демекші, әрине, ұқсамайды. Қазіргі ауылдардың жай-күйі қандай?

"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында кішкентай елдімекендер мен ауылдардың инфрақұрылымы едәуір жақсарған. Мәселен, 2021 жылы Целиноград ауданында дене шынықтыру-сауықтыру комплексінің құрылысы және Атбасар ауданындағы жастарға арналған орталықтың құрылысы, Сандықтау ауданындағы спорт кешенін қайта жаңарту, Қорғалжын, Егіндікөл, Жақсы аудандарындағы кентішілік жолдарды орташа жөндеу жүзеге асырыла бастаған.

Ал Алматы облысы бойынша бағдарлама аясында былтырдан бері жеті аудан орталығында ауруханалар мен мектептерді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін және ауыл іші жолдарын күрделі жөндеуге 6,1 миллиард теңге сомасына 45 жоба іске асырылған. Қазір Алакөл, Балқаш, Ескелді, Көксу және Ұйғыр аудандарында 5 дене шынықтыру-сауықтыру комплексінің құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Оңтүстік аймақта Сарыағаш ауданы бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы төңірегінде республикалық бюджет есебінен Ақжар ауылдық округіне қарайтын сегіз көше мен Дарбаза ауылдық округіне қарайтын төрт көшеге шағые жөндеу (асфальт төсеу) жұмыстары жүргізілген. Жөнделетін жолдың жалпы ұзындығы – 20 шақырымға жуық деп хабарлаған Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ал Шығыс Қазақстанда 4 елді мекендегі көшеде асфальт төселіп, үш спорттық-сауықтыру кешен мен Мәдениет үйін салу және тағы басқа да 8 жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2,1 миллиард теңге бөлінген.

Жаплы бағдарлама Қазақстандағы барлық ауыл халқына қолайлы жағдай жасап беруге негізделген. Сапалы ауыз сумен қамту, ішкі жолдарды қалыпқа келтіру, әлеуметтік нысандарды жаңғырту бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Жүргізіліп жатқан инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары ауыл экономикасын дамытуға соны жақсы серпін береді.

Әр ауылдан шыққан қазақ баласы бұл бағдарламаға өз үлесін қоса алады. Бір түп ағаш егіп не ауыл кітапханасына сыйға өзі оқыған кітаптарын қалдырып, жазғы уақытта не демалыс кездері ауыл балаларына білгендерін бөлісіп, Мәдениет үйіне шағын кино-time ұйымдастырып, ауылдың мерейін көтеріп қайтса, артық етпейді, себебі адамнан ауыл көшпейді. Осындай игі істер ел игілігіне жұмсалсын.