Астанада суретші Айжан Әбдубаиттың этнографиялық көрмесі ашылады

Астанада суретші Айжан Әбдубаиттың этнографиялық көрмесі ашылады

ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде шығармашыл жастардың XV Республикалық «Жігер» фестивалі сыйлығының иегері, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының ұлттық «Ажар» сыйлығының иегері, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Айжан Әбдубаиттің «Ғасырлардың алтын өрнегі» атты жеке көрмесі ашылады, – деп жазады baq.kz. Суретші өзінің бұл көрмесін Қазақ Хандығының 550 жылдығына арнап отыр.

Көрме Музейдің серіктестік жобасы аясында ұлттық сәндік-қолданбалы өнерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы тек жылнамалар мен аңыздарда ғана емес, сонымен бірге, шебер зергерлердің жасаған алтын өрнектерінде де сақталып қалған. Автор осыны дәріптеуді мақсат етеді. 

Айжан Әбдубаит шығармашылығы бірегей. Ол тарих қойнауында қалған ғасырлардың киімдері мен тұрмысын қалпына келтіреді және қайта жаңғыртады. Көне «Зерлеу» техникасымен ол той және ұлттық киімдерді, тұрмыс заттарын жасайды.
«Зерлеу» – алтынмен тігу техникасы ғана емес, бұл – ерекше пәлсафа. Автордың айтуынша, кестелеп тоқудың тамыры тереңде жатыр. Қазақтар бұл көркем әдіспен беделді адамдардың салтанатты киімдерін, бас киімдерін, тұрмыстық заттарын әшекейлеген. Әр зат түсінікті қажет ететін тарихи және мәдени ақпараттардың үлкен мағынасына ие, оларды тек түсініп сақтай білуіміз қажет.

«Өз қолыңмен бірегей зат жасау үшін, оған дейін жасалғанның шыңына жету керек» - деген сөздермен А. Әбдубаит өзінің шығармашылығын сипаттап берді. Айжан қазақтың ұмыт болған ұлттық сәндік-қолданбалы өнерінің түрлері мен жанрларын тырнақтап жинайтын зерттеушіге айналды.

А. Әбдубаит жұмыстары ҚР Мемлекеттік Орталық музейі, ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі, Қазақстанның облыстық музейлері жинақтарында сақталған.

«Зерлеу» әдісімен жұмыс жасайтын шеберлер дәстүрі – ол ғасырлар қойнауынан жеткен таңдаулылардың қайта туған дегдар өнері, қазақ халқының мәдени мұрасы. Бұған «Ғасырлардың алтын өрнегі» көрмесінің экспозициясындағы алтын кестемен тігілген салтанатты және той киімдерін тамашалауға келген қонақтар көз жеткізе алады.

Айта өтейік, көрменің ашылуы 2015 жылдың 4 ақпанына жоспарланған. 

сурет: vash-dom.kz

Е. Қайрахан