Аңшы киімі және саят аты туралы не білесіз?

Аңшы киімі. "Қан сонарда бүркітші шығады аңға, тастан түлкі табылар аңдығанда, жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет, ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға", - деп, ұлы Абай жырлағандай, аңшы киімі ыңғайлы, қозғалысқа икемді болғаны абзал. Асау құсқа арнайы тігілген қонышы ұзын саптама етік, қолына жеңі өте ұзын, икемді, жеңіл биялай киеді. Сонар, саятқа шығатын қыс маусымы суық болғандықтан, көбіне жылы киімді таңдайды: олар - саптама етік, аңшының өзінің алған алтайы қызыл түлкісінің пүшпағы мен терісінен жасалған қыстық тымақ, жылы ішік, жарғақ тері шалбар киеді.

Аңшы үшін саятта таптырмайтын қынды пышақ, жемқалта, оқшантай, дәрі-дәрмек, шыжым бау салған қалталы кісе белдік ажырамас дүние қатарында. Аңшы ықшам киініп, киімінің етегін шалбарланып алады да, кіселі белдігін ту сыртынан буынады. Тау-тастан таймас үшін аңшы етігінің өкшесіне нәлі немесе тақа қағады, жаяу болса аяққа шақай немесе сүйектен шаңғы тәрізді етіп сойшаңғы тағып алады. Аңшы саятқа шыққанда қажетті жабдығына қоса, аңдаусызда бүркіттің аяғын қанатса, оның қанын тыйғызатын бұлғарының ішкі бетіндегі ұлпасын ("бұлғарының еті" деп аталады) алып шығатын болған ертеректе.

Саят аты. Саятқа мінетін атқа дене бітімі кесек, кеуделі, сауыры шығыңқы, аяқ-қолы жуандарын таңдайды. Бойы аласалау, жүрісі жайлы жүрдек, шапқанда ұшқыр болғаны абзал. Желісті ат құсты мезі етеді. Ат сүріншек емес, қартаймаған, яғни тізесі кетпеген, мініске көмпіс, жүрісі шапшаң, елпек болуы қажет. Себебі құсы олжаны ұстаған соң артынан тез жету керек. Саят атын құсты түлекке отырған кезден бастап мінбей жіберіп жаз бойы семіртеді. Ал бүркіт аңға салуға икемделе бастаған кезінен, яғни шырғаны ұстап, ет көрсетіп шақырғанда шырғадан алыстап қолға келетін болғанда саят атын ұстайды. Ол сонарға алғаш шығардан кемінде 15-20 күн бұрын болу керек. Саят аттары ерекше бап, жаратуды талап етпейді. Оны арқандап қойып, таңертең-кешке маңдайға тер шығармай, бір апта бойы аяңдап жүре береді, тағы бір апта бойы желе шоқытып, арам терін алады. Әйтпегенде, арқанда тұрған семіз ат таңға шығып, ұзақ жол жүргенде – «топқазы» ауруына шалдығады. Кейін қосаяқтата шауып, жеммен үш-төрт күн таң асырады. Осылайша аңға шығардан бұрын екі-үш күн сайын суарып, етін қатырады, екі аптадан соң аяғын қар мен тұз таймайтын бүршік тағамен тағалайды.

Еті қатқан саят аты аңға шыққанда қарыны тоқ болған жөн. Себебі, құс салғанда, ұзақ жүрісті көрген сайын ішіндегі шөп кетіп, іші тартылып тұрады. Түнде шөпті мол салып, тойдырып алады да, таңертең аңға шығарда, суарып шығады. Егер суармаса, сусап шөлдегендіктен, топқазы ауруына шалдығады. Саятқа алаң-елеңнен шықса, күн көтерілген кезде, суара беруге болады. Саяттан қайтқан соң, атты екі-үш сағат бойы қаңтарып қояды. Түнде қоярда көнге аунатып алса, терін әбден кептіреді. Суыған соң, мүмкіндік болса, сұлып беріп отырса, әуелі бойындағы ыстықты алады. Әрі, ертеңгі саятта жүрегі қараймайды, яғни, ішінен шөп кетпей, талмай жүреді. Қыс бойы сұлы, көк шөп, жем беріп отыру жөн. Әрі ат өз етін өзі ұстайтын болса, қыс бойы мінуге жарайды. Саят атын көбіне екі ай мініп, алмастырып отырады. Алмастырып, екінші атын алты-жеті күн бұрын ұстап, мініп отырған атын жібереді. Қыста осылай ұстаған атты күн аралатып суарып, шөбін аз беріп, үнемі қозғалтып, аяңдатып отырса, жеті күннен соң бабына келеді.

Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің " Саятшылық - қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.

Сурет: baq.kz