Ұмытылған ұлт дәстүрлері

Ұмытылған ұлт дәстүрлері

Атбайлар. Атбайлардың екі түрі бар: Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыстар оған шашу шашып, «керегең кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты - «атбайлар».

Атбайлардың екінші түрі – кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде жеңгелер алдарынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл - «атбайлар» деп аталатын той. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.

Құттық. Келін түсіріп, құдағи, құдашаларын аулына аттандырған келін атасына ауылдың оң жақта отырған бойжеткендері келіп, «құтты болсын» айтып, арнайы дәм әкеліп, сый жасайды. Сосын қыздарға лайық тағам, кесе-аяқ, көрпе-жастық, сақина, сырға сияқты әшекейлі заттар сұрайды. Бұл дәстүр ел ішінде «құттық» деп аталады. Ол - «құтты болсын», «құт әкелсін» деген ізгі ойдан туған қазақи ырым, жоралғы. «Құттық» алатындар әдейі алыстан келеді. Оларға мал, бағалы бұйымдар мен киімдер беріледі. Әрине, бұл дәулетті, мырза адамдардың ғана қолынан келетін іс. Сонымен бірге бұл қазақтың жомарттық, мырзалық қасиеттерінің тағы бір айқын дәлелі екенін көрсетеді.

Қызқашар. Былайша қызқашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді. Күйеудің алғашқы келісуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруді «қызқашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» - жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатысады. Күйеуден алынатын «қос ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жастар», «көрпе қимылдатар» сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін-бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін-бірі ұнатып, қалыңдық жігітке орамалын және оның іні-қарындастарына да түрлі сыйлық береді.

Теңсерік. Шөп дайындағанда байлар жұртты үмеге шақырады. Кейде әр адам өз иелігіндегі жердің шабындығын, шөбін «теңсерікке» береді. Яғни жігіт жалдап, шабылған шөптің жартысын сол адам алады. Жалдаған адам сол шөпті мезгілінде шауып, шөмелеп береді. Жер иесі келісім бойынша тиісті шөп үлесін бөледі немесе соған лайықтап мал да беретін болған. «Теңсерік» дәстүрінде екі жақ та адал істеп, әділ бөлуге тырысқан.

Оқи отырыңыз: 

Қазақстан туралы тамаша бейнебаяндар

Ағашты көркемдеп өңдеу шеберімен сұхбат

Ақжар қызыл тауларына саяхаттап барсаңыз (Видео)

ЮНЕСКО адамзат мұраларының қатарына қазақтың күйі мен киіз үйін қосты

Сурет: otandastar.kz

Н. Нұрмаханұлы