Шымкентте халықаралық деңгейдегі тау-шаңғы шипажайы салынады

Шымкентте халықаралық деңгейдегі тау-шаңғы шипажайы салынады

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкент қаласынан 50 шақырым жердегі Қасқасу шатқалында (Төле би ауданы) шипажай тұрғызылатын болады деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлі туризм индустриясы комитетінің баспасөз қызметі.

Қолға алынғалы отырған ауқымды шипажай дамыған инфрақұрылымдар мен жаңа заманауи табиғатты қорғайтын технологиялардың көмегімен салынады және халыққа жыл бойы қызмет ететін болады.

"Бизнес жол картасы" жобасы аясында "Қасқасу" құрылысына республикалық бюджеттен 200 млн. теңге бөлінген. Ал құрылыс инфрақұрылымына 2,8 млрд. теңге қаржы жұмсалатындығы жарияланды.

Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туризм индустриясы комитетінің басшысы Марат Иғалиевтің айтуынша, бас жоба аясында 23 шақырымды қамтитын 19 арқан-орындық жолдар жасалады екен. Бұл жолмен бір сағатта 8500 шаңғышы түсіп-міне алады. Сондай-ақ, "Қасқасу" шипажайы 800 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін болады.

Айта кетейік, «Ecosign» компаниясының берген ақпараты бойынша тау-шаңғысы шипажайында 34,3 шақырымға жететін 34 тас жол салынатын көрінеді. Бұл жол күніне 11 780 шаңғышыны тасымалдайды. "Қасқасудың" негізгі келушілері қазақстандықтар ғана емес, Ресей және Біріккен Араб Әмірлігі туристері болады деп жоспарлануда.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:forbes.kz