ҰОС ардагерінің қызы "Победители" жобасының арқасында әкесінің өмірімен танысты

ҰОС ардагерінің қызы "Победители" жобасының арқасында әкесінің өмірімен танысты

Тұтқындағы азапты үш жыл, бір жыл қырғын соғыс және репрессияға ұшырағандар лагерінде сегіз жыл. Жылдар бойы соғыс ардагері Василий Гладышевтың қызы әкесінің өмірінен бейхабар болды. Бірақ Ұлы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында әке тағдырына бей-жай қарағысы келмеген ол Әкесінің өмірімен танысты. TengriMIX "Победители" жобасының арқасында ресейлік тұрғын әкесі жайлы біліп қана қоймай, Павлодардан туыстарын қалай тауып алғанын баяндайды.

Гладышев Василий Павлович 1921 жылы Кострома облысы Межевской ауданы Дубовиха ауылында дүниеге келген. Сол аймақтан 19 жасында Қызыл Әскер қатарына алынды. Соғыс басталғанда Василий Брест-Литовскіде (қазіргі Беларусьтегі Брест қаласы) қызмет етті. Дәл осы жерде Ұлы Отан соғысының қиян-кескі шайқастарының бірі болған еді.

Неміс пулеметшісі қорғанға оқ жаудырып жатыр ©Tengrinews.kz

Совет билігі біршама уақыт Брест қорғанындағы шайқастар туралы тіс жармай келді. Бірақ 1942 жылы Қызыл Әскер офицерлерінің қолына неміс құжаттары түседі.

Неміс әскерінің қорғанға басып кірген сәті ©Tengrinews.kz

"Брест-Литовскідегі ұрыстың әскери хабарламасында" гитлершілер шайқас барысы жайлы былай жазған екен: "Айбынды шабуылдар сұмдық қантөгіске себеп болды. Брест-Литовскіде өте табанды, өжет соғысты, олар жаяу әскердің шебер дағдысын көрсетіп, батыл қарсыласты".

Тересполь қақпасындағы вермахт сарбаздары. Маусым. 1941 жыл ©Tengrinews.kz

Василий Павлович шайқас кезінде қоршауда қалып, кейін мыңдаған жауынгермен тұтқынға түседі. Брест маңында гитлершілер "өлім лагерін" құрады.

"Өкінішке орай мен әкем туралы өте аз білемін, тек анам мен бауырымның айтқандары есімде. Әкем соғыс туралы ештеңе айтқысы келмейтін, себебі айту өте ауыр болған. Тек анама концлагерьде әлдеқалай тірі қалғанын айтып берген екен. Концлагерь тікенді сыммен қоршалған үлкен алаңда орналасқан екен. Ішінде бірнеше блок болған, әрқайсында мың-мыңнан тұтқындар болған. Ауа-райына қарамастан оларды ашық алаңда ұстаған. Адамдар қолмен апан қазуға мәжбүр болған. Күніне 150 грамм наннан беріп отырған. Қашқындар да көбейген, ұсталғандарды аяусыз өлтірген. Әкемді кейін неміс помещигіне тастап кеткен екен. Қожайын жұмысшыларды қорлай бастаған. Сол үшін әкем оны түйреп өлтіре жаздап, қайтадан лагерьге тап болады", - деп есіне алады Василий Гладышевтың қызы Галина Плюснина.

Брест қамалын қорғаушылардың лагерь туралы есте қалғандары мынадай: "... Ашық аспан астында шаң арасында жаттық. Жауын жауды, жел соқты. Кезік күнде ондаған адамды жалмап жатты. Жазалаушылар таңертең аралап жүріп, әлі тірі жатқандарға өліктерді тасытуға мәжбүрлей бастады…"

1944 жылдың шілдесінде Брестті Совет әскері азат етіп, қала Беларусь ССР-і құрамына кірді. Тұтқыннан босаған соң, Василий Павлович НКВД-ның арнайы тексерісінен өтіп, Брест-Литовскіде қызмет етіп қала берді. Отбасына тек 1947-1948 жылдары ғана оралған. Туған жерінде орман алқабының бригадирі болып істейді. Отбасының қуанышы ұзаққа созылмады, билік концлагерьде болғандар жалған ақпарат берді деген айып тағып, Василий Гладышев 25 жылдық репрессияға ұшырайды.

"Маған ол уақытта алты ай, ал ағам сегізде болған екен. Бізді өз үйімізден қуып шыққан. Талай сандалып, туыстарымыздың үйінде тұруға мәжбүр болдық. Ағам мен анамды Отан сатқынының отбасы бәрі кемсіте бастады" - дейді ардагердің қызы.

Ардагер Пермь облысындағы Широковский ауылындағы темір торда сегіз жыл жатады.

"Пермь-36" саяси репрессия тарихының мемориал-музейі. Фото Е.Степанова

Үйдегілер хат алып тұрған. Босатылған соң үйге оралғысы-ақ келген екен, бірақ реті келмеді. Байланыс үзіліп кеткен. Галина Васильевна есейген соң, әкесінің тағдыры туралы білгісі келеді. Бірақ нәтиже жоқ.

"Павлодарда тұрып, басқа отбасын құрды деп естігенмін. Одан басқа ештеңе білмеймін. Маған әкемнің өмірі әрдайым қызық болатын және ол туралы көбірек білгім келетін. Оны лагерь сайттарынан іздеп көрдім, нәтижесіз", - дейді Галина Васильевна.

2018 жылы "Победители" жобасының аясында ол Tengrinews.kz сайтына ардагер әкесі туралы ақпарат жариялады. Қуанышқа орай, бұл анкетаны Василий Гладышевтың немересі көріп, хабар береді.

"Бір жыл бұрын менің жазбамды жариялады. Бірақ ол менің әкем туралы білгім келген арманымды орындайды деп күткен жоқпын. Мені әкемнің немересі тауып алды. Бірақ ол туған немересі есем, асыранды бала екен. Әкем 2000 жылы, қаралы күн 22 маусымда қайтыс болыпты. Мен әкемнің екінші отбасы туралы хабардар болдым. Әлеуметтік желіден қандас бауырымды тауып алып, әңгімелестік. Бір-бірімізбен қауышқанымызға қатты қуандық. Сіздердің барша туған-туыстарымның атынан үлкен алғыс айтамын. Сіздер үлкен іс жасап жатсыздар. Бұл ардагерлердің ұрпағы, біз үшін өте маңызды", - деп "Победители" жобсына алғыс айтты ҰОС ардагерінің қызы.

©Галина Плюснина

Еске салайық, Tengrinews.kz соғыс жылдарында ерлік танытқан ата-апаларымыздың ерлігін насихаттау мақсатында "Победители" жобасын қолға алған болатын. Оған кез келген қазақстандықтар атсалыса алады. Ол үшін соғысқа қатысқан, соғыс жылдарында еңбек еткен ардагерлер ерлігін және естеліктерімен бөлісе алады. Ол үшін сайтта көрсетілген анкетаны толтырып, аты-жөнін, туған жылын, майдандағы және өзге де еңбек жолы жайлы қысқа ақпарат жазып, суретін жүктеу қажет. Сондай-ақ WhatsApp бойынша "жеңісті" +7-70-09-05-1945 нөміріне жазба жіберуге болады. Жоба ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр.

Massaget