Қазақстандық ҰОС қаһармандарының ерлігін насихаттайтын "Победители" жобасы

Қазақстандық ҰОС қаһармандарының ерлігін насихаттайтын "Победители" жобасы

Күн өткен сайын Ұлы Отан соғысының ызғарлы жылдары алыстап, арамызда тыл мен майданда отан үшін күрескен қаһармандар азайып барады. Бірақ біз, қиян-кескі соғыс пен тыл ардагерлерінің ұрпағы, олардың ерлігін жадымызда сақтауымыз керек. Tengrinews.kz "Победители" ("Жеңімпаздар") жобасының аясында ҰОС ардагерлері деректерін жинап жатқанын еске салып, әр қазақстандықты тарих мұрағатына атсалысуға шақырады.

Ол үшін сайттағы анкетаны толтыру керек: аты-жөні, туған жылы, әскери қызметі немесе тылдағы еңбегі жайлы қысқа мәлімет және суреттерін жүктеу. Деректерді Tele2-нің "жеңісті" нөміріне де (+7-70-09-05-1945) WhatsApp арқылы жолдауға болады.

Жоба 2014 жылдың 9 мамырында басталғалы бері қазақстандықтар редакцияға 1750 тарихи хикая жіберген. Олар өз аталары мен әжелерінің ерлігі жайында асқан мақтанышпен жазып жолдаған.

Жоба барысында ардагерлердің үндеуі де видеоға түсірілді. Бұл – мәңгілікке жолданған үндеу. Жоба кейіпкерлері жап-жас болып соғыстың азапты күндерін көргенін шерге толы сөздермен жеткізді.

"Соғыс бітті деген хабар келгенде, бәріміз жиналып уман-думан болдық. Басқарушыларға, бүкіл халыққа рахмет айттық. Жер жүзінде тыныштық орнасын деп сөз сөйледік, соны іштей тіледік. Қазақ халқы, тілерім соғыстың бетін аулақ қылсын, Жер жүзінде тыныштық орнасын", - деп ақжарма тілегін айтты ҰОС ардагері Мұқатай Айтбаев. 

Жобаға қатысып жатқан ардагерлер өз ұрпағына разылығын білдіріп, жаңашылдыққа, іскерлік пен жетістікке ұмтылуға шақырды. Бірақ олардың ең басты тілегі – елімізде ешқашан соғыс болмасын деген тілек.

"Победители" жобасын ҚР Қорғаныс министрлігі "Интернет-басылымдағы ең үздік жоба" деп таныды. Жоба ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Марсель – Жан ана
Бүгін үш ойын өтеді