- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Біләл Сүлеевтің баласы:...
Біләл Сүлеевтің баласы: Ұлыңның аман оралатынына сен!
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Сүлеев Жәнібек (1923-1943) – қатардағы жауынгер. 1941 жылы қыркүйекте өз еркімен соғысқа аттанды. 1943 жылы сәуір айында жиырма жасқа толуына үш күн қалғанда Смоленск түбіндегі шайқаста ауыр жарақаттан қаза табады. 1943 жылы 4 сәуірде «Ерлік істері үшін», «Қаһармандығы үшін» медальдарымен марапатталады. 1237-ші атқыштар полкі, 373-ші атқыштар дивизиясы, 43-ші Калининдік әскер майданына қатысты №048 бұйрықта: «... 1943 жылы 20-21 наурызда Сары биігі шайқасында өз бөлімшесінен бөлініп шығып, мерген мылтығынан жарақат алды. Үшінші атқанда немістің мылтығын құлатып, өз бөлімшесінің адам шығынсыз алға жылжуына мүмкіндік туғызған...» деп жазылған.
Сүлеев Жәнібек 1923 жылы сәуірде Алматы облысы, Алакөл ауданында, Біләл Сүлеев пен Фатима Ғабитованың отбасында дүниеге келген.
Баланы жастайынан тәлкекке салған тағдыр маңдайына өмір бойы «халық жауының баласы» болуды жазған. Өз әкесі – Біләл Сүлеев те, өгей әкесі – Ілияс Жансүгіров те «халық жауы» дегенге іштей сенбей, шындықты білмей өмірден өтіп кетті. Бес баласын құшақтап қу бас қалған анасына жайсыз жылдар салған жапада Жәнібек үлкен үміт, демеу еді. Еңсегей бойлы, шымыр денелі, отты көзді ол соңынан ерген іні-қарындастарына үлгі болды. Оны қимастықпен еске алғандар өмірге құштар, өлең жазуға құмар болғанын айтады. Жәнібектің бала кездегі балаң арманы – ұшқыш болу.
Жәнібек соғысты бүкіл халықтық қайғы деп қабылдап, оған төтеп беру үшін басталғаннан-ақ майданға аттануға ынталы болды. Осы талабының тамырына бойлап, 1941 жылы қыркүйекте Петропалдағы әуетехникалық училищеге оқуға түседі.
Ол жақта жүріп отбасының тағдырына алаңдаулы екенін, майданға аттанбай тұрып олармен жүздескісі келетінін, жауынгер өмірінің қызығы мен шыжығын хатқа жазып жібереді.
1943 жылы 2 сәуірде майдан жолынан соңғы хат келеді: «Ертең Мәскеуде боламыз. Анашым, мені уайымдама, ұлың үйге аман оралатынына сен!»
Суретте: Жәнібек Сүлеев, Пулат Ильдаров,
Мәрзия Ғабитова (Фатиманың әпкесі)
@. @assel_assanova