- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Ешкім...
9 мамыр. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!
«Соғыс күнәһардың ісі»
Анатоль Франс
Ерлік ешқашан есеппен істелмейді. Ол ешқандай есепке көнбейді. Ерлікті сантиметрмен өлшеп, грамдап салмақтап, секундтап санай алмайсың. Ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы. Ерлік биіктегі кемерінен асып, лақ етіп құздан құлаған тасқын.
Ерліктің негізі – сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, құрбаны да болады. Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп саналы түрде ерлік жасайды. Ол ерлікті қай күні, қай сағатта жасайтынын солдаттың өзі білмейді. Сәт сағаты жетіп, жан толқыны тулап, шиыршық атып аспанға шапшығанда солдаттың жұдырықтай жүрегінен ерліктің жалыны бұрқ ете лаулай атылады. Дүниені дүлей тасқын кернейді. Жер сілкініп, тау төңкеріледі. Күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Солдат ерлік жасағанда осылай болады! Солдаттың жүрегін ерлік атты балапан жұмыртқадай жарып шыққанда осылай болады. Бірақ солдат оны ерлік жасадым деп есептемейді. Азаматтық міндетімді атқардым, Отан алдындағы перзенттік борышымды өтедім деп қана біледі. Өзінің ерлік жасағанын өлген солдат білмей кетеді, тірі қалған артынан ұғады.
Әркімнің де ер атанғысы келеді. Елім деп еңіреп туған асыл азаматтардың ерекше еңбегі ғана ерлік болып бағаланады. Екінің біріне ер атағы берілмейді. Он мыңның бірі, миллионның жүзіне ғана тиеді ол құрмет. Ердің ерлігін ел бағалайды. Бір ердің ерлігі жүз жауынгерге үлгі, мыңға өнеге болады. Ердің ерлігін ер қайталайды. Сондықтан да Ұлы Отан соғысында Матросов ерлігін 275, Гастелоның ерлігін – 207 адам қайталады.
Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылды. Бұл соғыста ТМД (Тәуелсіз мемлекет достастығы) елдерінен 23 миллионнан астам адам қаза тапты. Соғыста қаза тапқан қазақстандықтардың саны - 603 мыңнан асады. Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар - 11600 адам. Оның 497-сі қазақстандықтар, 100-і қазақтар.
Қазақ-жанынан намысын биік қоятын, жігерлі де, батыр халық. Қазақ батырлары адамдығы мен батылдығын, парасаты мен жүректегі пәктікті биік ұстап, ел басына күн туғанда елім деп сұрапыл соғысқа қатысты. «Адал адам отанын сүйеді...» деп Б.Бұлқышев айтқандай жаратылысынан ақкөңіл, батыр, намысы биік, ақжарқын халық өз мүддесінен Отан мүддесін артық қойып, өмірін құрбан етуден асқан асыл ерлік жоқ екенін, Отанға деген махаббатын осылай жеткізеді. Қазақ деген - батыр халық. Ол еңкейгенге еңкейеді, шалқайғанға шалқаяды. Еңкейе қалса асқар-асқар тауына сүйенеді, шалқая қалса - азаматтылығына, парасаттылығына сүйенеді. Сөйлесе Қазыбектей шешендігі, Төле бидей көсемдігі бар. Айтыса қалса, дауласа қалса Бөгенбайдай ерлігі бар. Қолынан қиыстырар Абылайдай тірлігі бар ел. Қазір өз алдымызға тәуелсіз ел болсақ та Кеңес Одағы барлық халықтың ортақ мемлекеті болғандықтан, Отанымыздың абыройын, бостандығын қорғау үшін жаппай ерлік көрсетті. Даламыз қандай кең болса, пейілі де сондай кең, жеріміз қаншалықты бай болса, жүрегі де соншалықты бай халқымыздың елдігі мен ерлігі сынға түсті. Осылайша халқымыз ерен еңбегімен бүкіл әлем алдында ұлылығымен көрінді.
Иә, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 70 жылдай уақыт өтті. Қанды қырғынды өз көзімен көріп, от кешкен кешегі солдаттар, бүгінгі ардагерлер қатары күннен күнге сиреуде.
"Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұрғандай..."
Біз соғысты көрмеген ұрпақпыз. Бақыттымыз. Біздің әке-шешелеріміз де соғыстың не екенін білмейді. Олар да соғыс туралы кинодан ғана көріп, кітаптан оқыған. Бірақ сұрапыл соғыстың ащы дәмін татпаған бірде-бір жанұя жоқ болар деп ойлаймын. Ол – біздің әжелеріміз бен аталарымыздың жалынды жастығына, бал дәурен балалығына балта шапты. Әлі күнге дейін соғыс кезінде майданнан қайтып оралмаған немесе сұм соғыстың зардабынан туған жерінен, елінен, ағайын-туысынан, бауырынан көз жазып қалған адамдардың бар екендерін «Бармысың, бауырым?» бағдарламасынан көріп жүрміз.
Біз, ХХІ ғасыр ұрпақтары, бүгінгі бақытты, бейбіт өміріміз үшін оларға борыштармыз. Қазақ халқының ерлік дәстүрін еш уақытта ұмытпаймыз. Күндей күркіреген батыр аталарымыз Бауыржан Момышұлының, бала қырандай саңқылдаған Баубек Бұлқышевтің, қайсарлықтың үлгісі Қасым Қайсеновтің, шығыстың қос шынары – Әлия мен Мәншүктің, Нұркен мен Төлегеннің, өз жерлесіміз Хиуаз апаның ерлік істерін мақтан етеміз.
Мектеп қабырғасында жүрген әрбір жас жеткіншекке ақиық ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны...» атты өлеңі жақсы таныс.
Сен құрметте оны,
түсіндің бе, қарағым!
Кеше елге қатер төнгенде,
ол жауға қарсы шапты.
Бізді жалмамақ болған тажалды,
ол кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
өлім соққысын өз үстіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де,
ол намысын қорғап қалды.
Сен құрметте оны,
түсіндің бе, қарағым.
Сенің келешегің үшін
берді ол азаттық жолында аяғын!
Осы өлеңнің тарихы мені таң қалдырды. Ақиық ақын Әбу Сәрсенбаев соғысқа қатысып жүріп, майдандық газеттердің тілшісі болды. Талай-талай жау жүрек жауынгерлерді көзімен көріп, қойын дәптерін ерлік шежіресіне толтырды. Солардың бір көрінісіндей «Жауынгер монологы» кітабын жазды. Сонда ол: "Біз кеудесіне « Алтын жұлдыз» таққандарды ғана Батыр деп танимыз. Ал Алтын жұлдызы жоқ Бауыржан Момышұлы құсаған батырларымыз қаншама! Солардың бірі - жерлесіміз Отанын қорғау жолында екі аяғын кесіп берген Құсайын құсаған ағаларымыз еді", - деген болатын. Адамдығы мен батылдығын, парасаты мен жүректегі пәктікті биік ұстап, ел басына күн туғанда елім деп сұрапыл соғысқа қатысқан Құсайын ағаның бар ғұмырын ерлік пен өрліктің, қайсарлық пен төзімділіктің ерекше қуаттылығы жағдайында, тынымсыз күреспен өткізген. Майдан тарихында «Мелитополь операциясы» аталатын күндізді түнге ұластырған жойқын шабуылда қатты жарақат алып, қос аяғынан бірдей айырылған. Осылайша 34 жыл бойына қоларбаға құндақталған тіршілікте ғұмыр кешіп, қиындық пен қорлыққа толы өмірі өткен. Жаралы, жарымжан жауынгерді балаша мәпелеп, бағып-күткен жауынгердің адал жары, отбасының қамқоршысы, шаңырақтың жарылқаушысы болған ананың іс-қимылы кейінгі ұрпаққа мол тағылым. Бүгінгі күні Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында туғанына 100 жыл толатын жаужүрек жауынгер жерлесіміз Құсайын Өтешқалиевтің бір ғасырлық мерейтойын аудандық деңгейде атап өтуге дайындалып жатырмыз. Себебі, жауынгер ағамыздың ерен-еңбегі мен жұлдызсыз батыр бейнесі біз үшін үлкен өнеге.
Ұлпан Русланова
Сурет: altaynews.kz
Оқи отырыңыз:
"Жеңімпаздар" жобасына ардагерлердің хикаясын WhatsApp арқылы жіберуге болады
Нағашы атамның соғыс жайлы естеліктері
9 мамыр. Бір өзі 24 фашисті өлтірген қаршадай қазақ қызы кім еді?
Ж. Исакаев