9 мамыр. Атам туралы баллада

9 мамыр. Атам туралы баллада

Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерін есімізде сақтау біздің міндетіміз. Олардың батылдығын, ерлігін кейінгі ұрпаққа айтып, жеткізу ортақ парызымыз. Оқырманымыз Айдана Асанханның бізге жолдаған өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

Атам туралы баллада

Киелі Арыстан-Баб бауырында,
"Ақирек" деген шағын ауылында.
Дүниеге келіп енді бір нәресте,
Шаттық сыйлап тегіс ел, қауымына.

Балшы әже баланы алды назарына,
Таңданып ақ маңдайлы ажарына.
"Көп бейнет көреді екен құлыншағың,
Мен кепіл, бірақ, ұзақ жасарына".

Балаға айтып жатыр жорамалын,
"Балаңнан тарар сенің бар ұрпағың.
Шаң тимес маңдайы ашық болар", - деді.
Ырым қып ана ұсынды орамалын.

Бала өсті, келіп жатыр күндер жаңа,
Қылығымен ерекше ол бір дара.
Әкесінен айырылып, жетім қалды,
Алланың салғанына бар ма шара? !

Балалық ұмыт болып, есейді ерте,
Ащы өксік кеудесінде тоқып зерде.
Халыққа аштық деген нәубет келіп,
Өмірден күдер үзді талай пенде.

Жетіліп енді бойын көтергенде,
Ес жиып, етек жинап көгергенде.
Сұрапыл соғыс өрті тұтанды да,
Аттанып кете барды бөтен жерге.

Қимайды ана көңілі алабұртып,
Жүрген еді жалғызын тірек тұтып.
Құлынын аттандырып қан майданға,
Қол бұлғады, қалмады амалы түк.

Пошташы келген сайын күтіп жолды,
Қарауменен сорлы ананың көзі талды.
Жеткізді қара қағаз қара хабар,
"Балаңыз ерлікпенен қаза болды ".

Сорлы ана шашын жайып аңырады,
"Жалғыздың қалмады- ау, "-деп шаңырағы.
Зарлады сұм заманға қарғыс айтып,
Түспеген келінді аңсап сағынады.

Амал не, қырқын берді жылап жүріп,
Тағдырдың талқысына шыдап жүріп.
"Қалайша бұл әулеттің оты сөнер,
Өлгені рас па? "-деп қылар күдік.

Жеңістен соңғы екінші көктем еді,
Бейбіт күн елге нұрын төккен еді.
Ана жүр қара жолға қарайлаумен,
Жалғызын күтумен күн өткен еді.

Өмірдің аз ба анаға азабы артқан,
Құтылар қалай мына қазабаттан?!
Болғанда жылын беріп, күн кешкісін,
Көрінді қара жаяу қала жақтан.

Өлгені тірілді де, өшкен жанды,
Сорлы ана қуанғаннан естен танды.
Келіп тұр аман- есен жалғыз ұлы,
Ошағы бір әулеттін өшпей қалды.

Өмірдің көшін тартты көппен бірге,
Көгеріп көсегесі көктеді де,
Қарсы алып атам менің отыр бүгін,
Жеңістің 70-шы көктемінде.

Отбасы қазынасы панам болған,
Жан атам, ақылгөйім, маған қорған.
Не боларын білмеймін екінші рет,
Бірінші рет ажалдан аман қалған.

Жолдаған: Айдана Асанхан

Сурет: ww2history.ru

Ф. Абилова