- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Ерлігі...
9 мамыр. Ерлігі елге өнеге болған майдангер атам
Ұлы Отан соғысының 70 жылдық Жеңісіне арналған «Ер ерлігі – ел есінде» атты балалар шығармашылығының республикалық байқауына ұсынылған шығарма.
Биыл Кеңес әскерлерінің неміс фашистерін жеңгендеріне жетпіс жыл толып отыр. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған сол сұрапыл соғыстан елге аман-есен оралғандардың қатары да күн санап азайып барады. Менің атам да осы соғыс ардагері. Он сегіз жасында осынау қасіретті қырғынға қатысып, қарша бораған оқ пен оттың ортасынан аман оралған. Ол қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылынан аттанған. Атамның толық аты-жөні Әлиев Нұрғали. Мен атам жөнінде тек әжемнің айтуынан білемін. Әжем Жалиева Шахар қазір 84 жаста. Менің дүниеге келген және тұсау кесу тойымда атам болған. Атам анық есімде болмаса да мен оны жақсы көремін.
Менің атам - Әлиев Нұрғали 1924 жылы №10 ауылдық кеңесіне қарасты «Өндіріс» ұжымшарының жерінде кедей шаруа жанұясында дүниеге келген. 7 сыныптық мектепті 1942 жылы бітірген. Соғысқа аттанарда 18 жаста болған. 1942 жылы наурыз айында әскер қатарына алынып, Аягөз қаласына барып, соғыс өнерін үйренген. Сол Аягөз қаласынан Смоленск қаласына барып, бірден соғысқа қатысып, жаяу әскер сапында болған. 1943 жылдың маусымына дейін Смоленск майданында ұрыстарға қатысып, сол жерде жараланған. Бір ай көлемінде госпитальда жатып емделген. Госпитальдан шыққан бойдан оны №94 дивизия қарамағына жібереді. Майдан қолбасшысы сол кезде армия генералы Малиновский болған. Сол дивизияның №3 батальонының 8 ротасының қатарында соғысқан. 1945 жылдың 3 тамызында шығыс шекараға барып, Жапонияға қарсы айқасқа қатысқан. Мукиеден, Цицикар, Жэкэ, Дайран, Порт-Артур қалаларын жапон басқыншыларынан азат еткен. 1945 жылы Жапониямен бітім шартын жасасқаннан кейін сол жерде 1947 жылдың наурыз айының аяғына дейін болып, ауылға оралған.
Содан соң «Өндіріс» колхозында есепші, шаруашылық меңгерушісі, 1965-1984 жылдары кеңшарда бригада есепшісі болған. 1984 жылы зейнетке шыққан. Әжемнің айтуынша, атам соғыстан қайтып келе жатқанда пойызда балгер оған бал ашып, 25 жасыңда ауырасың, одан аман қалсаң 80 жас жасайсың депті. Соғыстан оралған соң 1949 жылы қатты науқастаныпты, бірақ аман-есен жазылыпты. 80 жасында 2004 жылы 4 қарашада дүниеден өтті.
Мен өз атаммен мақтанамын. Майдангер атамның өмірі, жеңіске жету үшін көрсеткен ерлігі – мен үшін өнеге. Ұлы Жеңіс күні – бәрімізге ортақ мұра болғандықтан, атамды еске алу менің парызым деп есептеймін. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні, сол сұрапылда ерлік көрсеткен ерлер есімі мәңгілік аталып өтілуі, жылма-жыл естеліктермен жаңартылуы кейінгі ұрпаққа парыз.
70 жыл тойың келді деп,
Ерліктің туы желбіреп.
Жеңіс деген сөз соңында,
Атам тұрғандай елжіреп.
Арайлап атар таң күліп,
Ерліктің даусы жаңғырып.
Азат күннің астында,
Жеңісім жаса мәңгілік!
Мырзағалиұлы Қайсар
Қызылорда облысы, Тұрмағамбет ауылы, Қармақшы ауданы,
Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебінің 6-сынып оқушысы
Сурет: www.9maya.ru
Ж. Исакаев