- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Атама...
9 мамыр. Атама хат
Ұлы Отан соғысының 70 жылдық Жеңісіне арналған «Ер ерлігі – ел есінде» атты балалар шығармашылығының республикалық байқауының «Соғыс ардагеріне хат» номинациясына жолданған Нұрбану Жетілгенованың жұмысы.
Ата, сіз туралы мен анамның айтқандарынан білемін. Сіз сонау ел басына күн туған сұрапыл кезеңде майданға аттаныпсыз. Артта қалған ауыл майданнан келетін үш бұрышты хаттарды асыға күтеді екен. Кейде сол хаттар солдаттың сағынышты хаты болып қуанышқа бөлесе, кейде қаралы қағаз болып зар илетеді екен. Сіз сұм соғысқа бір қолыңызды беріп, кеудеңізді орден, медальдарға толтырып оралыпсыз. Мүгедекпін демей, соғыс кезінде әбден тұралаған ауыл шаруашылығын өркендетуге бел шешіп кірісіп кетіпсіз, отбасын құрып, бала тәрбиелепсіз. Жап-жас болсаңыз да, бар қиыншылықты жеңе білдіңіз. Мен кейбір адамдардың осынау бейбіт заманда арақ ішіп, есірткі қолданып, ұрлық жасап, өмірден өз орнын таба алмай жүргеніне қынжыламын. Отанын қорғап, еліне қызмет істеп, отбасында бала тәрбиелеген сіздің бейнеңіз маған үлгі.
Соғыстың қандай қасірет әкелетінін мен Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімелерінен білдім. Осы әңгімелердегі Аян, Тортай атты балалар соғыстың кесірінен ата-аналарынан айырылып, қаншама қасірет шегеді. Соғыс олардың балалық шағын ұрлады. Осыдан кейін мен бейбіт күннің қандай қадірлі екенін ұғына түстім. Енді ешқашан соғыс болмасын! Балалар ата-анасынан, ата-аналар баласынан айырылып жыламасын!
Бізге бейбіт күнді сыйлаған ата сізді және барлық майдангерді ешқашан ұмытпаймыз, мәңгілік құрметтейміз, ерліктеріңізге бас иеміз.
Нұрбану Жетілгенова
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті
Қ.И.Сәтбаев атындағы №216 мектептің 6 «А» сынып оқушысы