9 мамыр. Соғыс ардагері жастарға ризашылығын білдірді

Жеңістің 70 жылдық мерейтойын ару қала Алматы зор құрметпен атап өтті. Нөсерлеп жауған жаңбырға қарамастан мерекеге жиналған қалың жұртшылықтың қарасы көп. Оны әріптесім Ерболат жасаған арнайы фоторепортаждан көре аласыздар. "Елім" деп еңіреген есіл ерлерімізге деген халықтың ықыласы ыстық. Сәті түсіп бізде Отан үшін от кешкен аяулы ардагерімізден сұхбат алып, назарларыңызға соны ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

- Ассалаумағалейкум ата! Жеңіс күнімен сізді шын жүректен құттықтаймыз. Алдымен өзіңіз туралы айта кетсеңіз?

- Мен Тұрарұлы Байтұмар 1919 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келдім. 1939 жылы Кеңес әскеріне шақыртылдым. Содан соғыс басталып кетіп, бірінші күнінен бастап, аяғына дейін болдым. Әуе шабуылына қарсы қызмет атқардым. Мамандығым - прожекторшы. 

- Соғыстағы қызметіңізге толықтай тоқталып өтіңізші?

- Прожектор дегеннің жағдайын көп адам түсіне бермейді, жай ғана жарық деп ойлайды. Оның жарығына түсуден ұшақтар қорқады. Өйткені, жан-жағын аңғармай ештеңе көре алмай қалады. Сол кезде зенит артиллериясының атқыштары оқ жаудырып, ұшақтың тас-талқанын шығарады. Міне, менің соғыста атқарған қызметім - прожектор жарығын бағдарлап, әуе шабуылынан қорғану болды.

- Ал соғыстан аман-есен оралған соң қай салада қызмет еттіңіз?

-  Соғыстан оралған соң ұстаздық жолды таңдап, ғылымдардың патшасы саналатын математика пәнінен сабақ бердім. Осы жолда өмір бойы талмай еңбектеніп, шәкірттерімнің жемісін көрдім. "Еңбек Қызыл ту" орденімен, "Халық ағарту ісінің үздігі" белгісімен марапатталып, еліміздегі алдыңғы қатарлы мұғалімдердің бірі болдым. 

- Отанға деген сүйіспеншілікті бүгінгі жастардың бойынан көре аласыз ба?

- Менің 7 балам, 15 немерем, 11 шөберем бар. Соларға соғыста болған ерекше сәттерді әңгімелеп, барынша патриоттық сезімдерін оятуға тырысамын. Бейбіт күнді бағалап, жастардың осы ортаға жиналып, тағзым етіп жатқаны да туған жерге, Атамекенге сүйіспеншілігі деп білемін. Жастарға ризамын.

Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге үлкен рақмет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.