9 мамыр. Бауыржан Момышұлына арналған өлеңдер - 2

Халқымыздың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлына арналған өлеңдер топтамасын жалғастырамыз.

МҰХТАР ШАХАНОВ

Жеңіліп тұрып жеңілмеу

немесе

Бауыржан Момышұлының кешірім сұрауы

 

Мен ол кезде әр адымын еркін, батыл басатын,

Айтқанынан қайтпайтұғын, едім қайсар жас ақын.

Өз негізін алған адам сияқтанған дауылдан,

Бірде маған хабарласты Момышұлы  Бауыржан.

Сәні кеткен туған тілде таусылғандай ой кені,

Біраз уақыт телефонда ол тек орысша сөйледі.

– Кешіріңіз, – дедім оған – ұлтсыз қазақ парықсыз,

Мені орыс адамымен шатастырып алыпсыз?

– Жо-жоқ – деді ол, – үнің сенің неге ызғарлы, неге тоң,

Мен жас ақын Шахановқа соғып тұрмын телефон!

 

– Ал, Шаханов сізше қалай, айналған ба, орысқа,

Әлде орыс тілділермен түскен жан ба жарысқа? –

Дедім тағы қызынып,

Қазақтың нар перзентіне көңілім күрт бұзылып. –

Сіз әрқашан елімізде ұлттық мүдде дегенде,

Дара тұлға болатынсыз шығар дара кемерге.

Жан емессіз пайымсыздық жеңе алатын ақылын,

Сондықтан да мұныңызды түсінбедім, батырым.

Сөзіңіз бен ісіңіздің арасы –

Бүгін неге екі жарым шақырым? –

Деп телефон трубкасын ызбарлана тастадым.

Уақыт өтпей қас-қағым,

Менің қайсар мінезіме үндемей бас шайқаған,

Телефоным шылдырады қайтадан.

 

– Кешір, Мұхтар, – деді Баукең – иттігіме дес берме,

Қаншама жыл тек орысша сөз құрадық әскерде.

Билікте де орыс рухты адамдардан күш көру,

Оларменен араласу, рухсыздыққа тістену,

Тек сол тілде әлгілерден ойлы, ойсыз іс көру,

Орысша ойлап, әр түн сайын тек орысша түс көру,

Біз сорлыны алып келді нақ осындай жағдайға,

Ұлтсызданған қызмет те ұлт намысын қорлайды ә?

Бір сәт дұрыс ашпағанға ұлттық мүдде есігін,

Беделімді бес тиын ғып, сұрап тұрмын кешірім.

Кешір мені, айналайын, енді мүлде өзгерем,

Қазақпенен тек қазақша сөйлесуге сөз берем!

 

Айтты – бітті, еш күш оған бола алмайтын бөгесін,

Қазақтың өр ұлы адамы орындады өз уәдесін!

Бұл күндері бой көтеріп кейбір өлке, қаладан,

Рухсызға найза іспетті атылып,

Жұртты сана биігіне шақырып,

Ескерткіш боп шырқау көктен қол бұлғап тұр сол адам...

....................................................................................................

Иә, ұлы тұлғаның да осал тұсы болады.

Қателігін, бірақ, батыл мойындау,

Қателігін қатал шындық биігінде пайымдау,

Сол тұлғаның қайталанбас жеңісі боп қалады.

КЕҢШІЛІК МЫРЗАБЕКОВ

Бауыржан Момышұлымен қоштасу

 

Айтшы,

қайысты ма қабырғаң?

Қалай екен хас батырдан айырылған?!

Қайысты ма қабырғаң,

Қалай екен айырылған –

Дүбірлеген дабылдан,

Дәуірлеген айбыннан.

Намыстанса – найзағай,

Найзағайы жай буған.

Еркелесе еліне,

Құлашы кең жайылған.

Тек дұшпанға оқ атқан,

Достары үшін ой қуған.

Қара нөсер үйіріп,

Құйып-құйып алатын.

Ну ормандай бұйығып,

Күрт түйіліп қалатын.

От пен судан жаралған,

Отаны үшін жанатын,

Бірақ аман қалатын,

Биік шыңға қанатын

От жалатып қағатын.

Соғыс салған жарасын,

Жолбарыстай жалайтын.

Алдарқатып санасын,

Жазылғанға санайтын.

Ол – солдаты сананың,

Ол – солдаттың серісі,

Өрісі мен жеңісі,

Шегінісі, еңісі,

Тегі менен тең ісі

Болды бақыт елі үшін.

Ол сен үшін,

мен үшін,

Арнады бар жеңісін.

Жанарында сөніп бітпей, жанып кеткен мұңы бар,

Ақ қағазға жазып бітпей, алып кеткен сыры бар,

Арманы бар Ер үшін,

Айтшы, халқым,

қайысты ма қабырғаң,

Қалай екен хас батырдан айырылған?

Айтшы, халқым, айтшы, халқым,

жарылшы бір ағыңнан

Батыр туған халықпыз ғой тұлпарлардың жалында,

Батыр туған халықпыз ғой революция – дабылда,

Батыр туған халықпыз ғой оттта, суда, дауылда,

От-жалынды майдандар мен бейбіт күннің бабында.

Айтшы, халқым,

Бауыржаның – бауыр етің, батырың ед –

ол қандай,

Орны қандай жүрегіңде,

кейпі қандай келешекке қалғандай?

Келер ғасыр келбетіне, қарар ма екен таңданып,

Мылтық атқан соңғы комбат... аңыз болып қалғандай.

Мылтық атқан соңғы комбат,

Соғыс көрген соңғы солдат,

Аңыз болып қала ма?!

Сол аңыздың бас Батыры – Бауыржандай бауыр етің

бола ма?!

Айтшы, халқым,

енді соғыс болмайтыны рас қой,

Енді рас қой – атыспаймыз окоптар мен обада,

Енді рас қой,

Бауыржан да екінші рет тумасы,

Әлден аңыз... Бауыржанның тумысы мен тұлғасы.

Музей мүлкі күні ертең-ақ –

Бауыржанның қылыш салған қынабы

Ертең елес – Волоколам тас жолы мен Жуалының

жылғасы

Соғыс – шындық,

Жеңіс – шындық,

Ерлік – шындық, ендеше,

Ерлік жасау мүмкін емес Ер еліне сенбесе.

Айтшы, халқым, күні ертең-ақ келер ұрпақ сағынбай ма

Баукеңді

Шындық – ерлік, Ерлік – шындық шөліркетсе, шөлдесе.

ҚУАНДЫҚ ШОЛАҚ

Найзағайы намыстың

(Кеңес одағының Батыры, даңқты қолбасшы және жазушы Бауыржан Момышұлына арнау)

 

Қарау қоғам көзі барда бағасын,

Бермегесін қалай тапсын жарасым?

Тірлігінде теперішті көп көрген

Жолбарыс ең жалап өткен жарасын.

 

Көкірегіңе салып қойған азалы ой,

Алалаған алақолдың азабы-ай!

Содан болар арыстандай ашулы,

Жанарыңнан жарқылдайтын нажағай.

 

Іштарлықпен жалалы ойды жақтаған,

Табаныңмен бастырғаны-ай шоқ қоғам.

Шығыстағы шырағы едің шындықтың,

Тура айтып туғанына жақпаған.

 

Көпке бармай бақай есеп батылы,

Қара құлып сарт ашылды ақыры.

Бұлт астынан күн шыққандай жарқырап,

Шыға келді ғажап, қазақ батыры.

 

Көңілінде қызғаншақтық күй тұнып,

Өктем ұлттың ұлтшыларды қитығып.

«Батырлықты бергізбейміз» деген өң,

Қапталыңда қала берді ит үріп.

 

Әр көңілге орнағандай жарық күн,

Күйін кешкен қысқа қолды ғаріптің.

Онсыздағы батыры едің Бауыржан,

Қазақ деген кең жүректі халықтың.

 

Құлай сүйген жусан иіс даласын,

Сүйіп өткен Отан атты Анасын.

Намысымның найзағайы секілді,

Даралардың ішіндегі дарасың.

 

Ел арманы, ел мұңымен ауырған,

Жаралған жан бұрқ-сарқ еткен дауылдан.

Қадіріңнің артықтығы сол шығар,

Жүз қазақтың бес алтауы Бауыржан.

 

Демеу болып, медеу болып көңілге,

Үн қосқандай заманауи өр үнге.

Кие де мен, ие де мен деп тұрсың,

Асқақ кейіп Астананың төрінде.

 

Қаһармансың, жан емессің шүрегей,

Менде ақынның бірі емеспін жыры өгей.

Мәңгі жасар көңілдердің төрінде,

Батырлардың батырысың бірегей!

СВЕТҚАЛИ НҰРЖАН

Момышұлына сәлем бере барған төрт шайыр жайлы хикая

 

ҚазМУ – набыт…

Төрт ақынбыз өр кеуде,

Алатауды қалған шақ ед алып боп.

«Момышұлын көрсетем, — деп, — сендерге», —

Ертіп барды ағайымыз Мамытбек.

Несін бүгін жасырайын, халайық,

Желке шашым көрсететін сес-айбар;

«Бауыржан ба?..

Сәлем бере салайық»…—

Айтпасақ та ішімізде осы ой бар.

Сәл дарылдап,

кірсек керек жалындап,

Кірпігінен «Ұлы Отанның» қаны ұшқан,

Алдымыздан шыға келді арындап,

Бейне тордан босап кеткен арыстан.

Төрт ақын ек бөрі болып жортатын,

Мысық болдық…

Сондай да бір өтті шақ.

Түк пайдаға аспай қалды төрт ақын,

Танк тапап, талқан қылған доп құсап.

Сәлеміміз су тигендей божырап,

Сауалымыз у тигендей қожырап;

Бас — кеудеден,

тілім жақтан ажырап,

Қарсы алдымда арыстан тұр азынап.

Өз ұямда —

тіреп жатар аспанды

Сыйрағым да.., тырнағым да бар еді.

Баршын бүркіт бас салғанда қашты әлгі,

Қос қанат қып

Үрей менен Зәрені.

Арман болды ал аман қайту енді елге,

Ағай жақтан күтіп едік бір тірек.

«Ұстаздарың мынау болса,

Сендер де

Оңбайсыңдар!» — деп тастады күркіреп.

Түк қайрансыз күле беред далбаса —

Бонапарттың жанындағы Талейран.

Мынадан соң,

Хақтан жәрдем болмаса,

Қайран жоғын байқап қалдық ағайдан.

Шығарға есік, тесік те жоқ кіретін,

Нұр да қашып, жауып қалды бетті күл.

Жайшылықта бұлтты шайқап жүретін

Мүйзіміз киіз болды көк тұқыл…

«Қарақтарым.. —

Сенбейін бе, сенем бе?» —

«Арыстаннан» кенет жылы үн шықты, —

Дастарқанға жақындаңдар», — дегенде,

Шөже-жүрек ұясында тұншықты.

«Меймандардың» байқап көріп әр қырын,

Шешілді-ай бір шемен-шерлі шежіре.

Қан кешуден өткен қазақ тағдырын

Сол күйінде әкеп қойды көзіме.

«Соғыс жайлы сұрамаңдар, ақылым,

Соғыс жайын енді ешкімге үйретпен.

Талай сары генералдың қатынын,

Бар болғаны, жігітпін мен билеткен!

…Атағым да бар адаммын.., шатағым,

Менің жанды жарама көп соқпаңдар.

Бермей жүрген маған «батыр» атағын,

Шамаң жетсе, ЦК-ны анау соттаңдар!

…Қазақ жатыр табанында Тажалдың,

Соңғы демін суырған жоқ Алла әзір.

Жиырмаға кеп — үйленбесең, ажалдым,

Осы жерден қуып шығам дәл қазір.

Көбейіңдер!

Бос жүрмеңдер ырбаңдап!..

Нешедесің? —

Маған назар бұр, бала!..»

Әлгі жерде қол-аяғым тырбаңдап,

Жаным қалды —

Жасым жетпей жиырмаға.

Бұлбұл қонған бұтағындай ағаштың

Көкіректен керуен-керуен төкті-ай жыр.

Әсіресе,

Арыстарын Алаштың

Жоқтағанда күңіреніп кетті-ай бір.

«…Оңашада жатқанды ұнатамын,

Елімді ел қылмасын ерте сезіп.

Жауға — қатын, жақынға — жалмауыздар

Жалықпай көк малтасын жүрсін езіп!..» —

«Бұл – Шәкәрім!

Ұлы Абайдың тұнбасы,

Құдайды іздеп, бөлек кеткен тобынан.

Құлап түскен оның таудай тұлғасы

Қарасартов-қарақшының оғынан».

«Қайғыдан, Қарқаралы, жуылмаған,

Айдай бер, қалса адамың қуылмаған»! —

«Бұл Ахмет!

Ұлт көсемі — кемеңгер,

Жұтты басын —

өткізбеді аран-шеп…

Академик Қосақбаев дегендер

Орынына өскен соның арам шөп».

«Міржақып — төменгінің аласасы,

Сөзімнің бар ма, жоқ па, тамашасы?

Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,

Қазақша бір роман жаза салшы!..» —

«Бұл — Міржақып! —

Қызыл тілдің шешені,

Бар қазақты қаңғып жүріп оятқан.

Біздің тұңғыш романның иесі еді,

Өтті өмірден, басы айырылмай таяқтан».

«Сұм өмір абақты ғой саналыға,

Сондықтан жаным менің жаралы да.

Ақында адамзаттан дос болмайды,

Жалғыз-ақ сүйенеді қаламына!..» —

«Бұл — Мағжан ғой! —

Назым сөздің зергері,

Антына да берік болды, Даңқына.

Айды алқа ғып, жұлдыз-жақұт тергені

Бұйырмаған өзін туған халқына».

«Сыртынан көреміз де, сүйінеміз,

Жүсіпбеков жолдастың үйіне біз.

Қашан түсіп қалғанша хатшы болмай,

Ақын болып туғанға күйінеміз!..» —

«Бұл — Қасым ғой!

Сом Қасым ғой!

Сол Қасым! —

Алматыда сүрді өмірін қан жұтып.

Сөзі де ерік, өзі бөлек болғасын,

Құл-қазақтар қойған оны қаңғытып!..

Қарақтарым!

Ұлттың ары — осылар,

Намысыңды тұтат Ардың отымен.

Ақтап алар келеді ұрпақ есі бар,

Оттай берсін қазіргі көп көкіген…»

…Төрт ақынды жібергендей түзеп сын,

Алты сағат мазалаған Атасын.

«Ар мен Намыс болғай, — деп, — қос күзетшің», —

Берді батыр бізге сонда батасын.

Қоштасарда: «Затыңда емес, атыңда

Кінәрәт бар… —

маған қарап оқталды, —

Жараспай тұр қазаққа да, ақынға,

«Жарқынғали» атанарсың!» — деп қалды…

Шықтық, сөйтіп, батыр-шалдан бата алып,

Қалашыққа жеттік жаяу демалмай.

«Бауыржаннан бата алғандар» атанып,

Көпке дейін өзімізге келе алмай.

…Батыр жайлы естелік бұл Ең Соңғы,

Бізден кейін кезіккен жоқ ешкіммен.

Жиырма алты жыл өткеннен соң

Еңсемді

Көтеріп ап, шақта жаздым Ес кірген.

Жасаттырмай жан қуырған Дертіне ем,

Ұлт алдында барлық ісін атқарып;

«Қазақстан Ресейге «еркімен»

Қосылған» күн кетті Еліне аттанып…

Кетпейді естен келе жатқан «ісініп»,

Төрт ақынның шайтандарын шалған күн.

Ұлт Ары үшін шын шайқасқа пісіріп,

Өз қолымен қайран Баукең салған күн.

Ылайықты іс қылмасам да Даңқына,

Марқаямын көргеніме батырды…

…Ия, айтпақшы, осы жырдың артына

«Жарқынғали» деп жазайын атымды…

Өлеңдерді топтастырған: Шерхан Талапұлы

Сурет: shbm11.narod.ru, Vk.com, massaget.kz, i-news.kz, kk.wikipedia.org