Қай фильмді көрсек те, анамен байланыстырып, астастырып әкелуге болады. Алайда бүгін сіздерге алда келе жатқан 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай, тікелей анаға арналған 8 фильм топтамасын ұсынғымыз келеді.
«Анаға апарар жол»
Ақан Сатаевтың қай фильмін алсаңыз да, үздіктер қатарына жатқызуға болады. Бұл фильмі жаугершілік қиын кезеңді көрсете отырып, ана мен бала арасындағы махаббат барлығын жеңетінін дәлелдеген. Басты кейіпкер анасын көру үшін қандай қиындық болса да мойымай, басын тік ұстап өте біледі. Бойындағы ерік-жігері мықты екенін, отансүйгіштік сезімі терең екенін нағыз ер азаматқа тән әрекеттерімен көрсетеді.
«Анамды іздеймін»
Кеше ғана шығып, қазақ-қырғызды бір шулатқан, еш сын-мінге ілікпей, көпшілік көңілінің төрінен орын тапқан бұл фильм барлығына «Күлдіріп тұрып, жылатады өмір» деген сөзді еске салады. Ана жүрегінің кеңдігі, махаббатының шексіздігі соншалық, ана өмірде жүріп-ақ баласына демеу болады.
«Өтелмес борыш»
Қысаметражды фильм түрінде шыққан туынды адамдарға анасының қадірін көбірек түсінуге көмектеседі. Аналары жанында жүрген жандар оған дауыс көтеріп, жаңа техникаларды игере алмайтынын сөгіп, барын бағаламай жатады. Бұл фильмде көрініс табатын оқиға: биікке көтерілуің – анаңның ақ тілеуінің арқасы, қанша ренжітсең де – ол саған ақ жол тілеуден танбайтыны. Қысқаметрлі туындыдан жар таңдауда ол ата-анаңды сыйлай білуі маңызды екенін түсінесіз.
«Тақиялы періште»
«Бала – балым, немере – жаным». Әр ата-ана баласы ер жеткесін оны аяқтандырып, немере-шөбере сүйгісі келеді. Төрінен көрі жақындаған сайын қызық көріп кетуге асығып, алаңдайды. Бәрімізге бала кезден таныс комедиялық фильмді көрмеген жан жоқ шығар. 30 жасқа келген баласын он жастағыдай еркелетіп, әлі бала көріп, періште санайтын ананың келін іздеуге өзі кірісетін оқиғасын неше рет көрсек те жалықпаймыз.
«Тел өскен ұл»
«Аналар» («Мамы»)
Орыстың атақты актері Сергей Безруков анасының бейіт басына барып жылайтын үзінді бейнеролигін барлығыңыз көрген боларсыздар. Жүрек шымырлатады. Бұл «Аналар» атты үш бөлімді мерекелік фильмдерден алынған үзінді. 8 наурыз мерекесіне арналған бөлімі комедиялық мелодрама жанрында түсірілген. Зерттеулер нәтижесі бойынша, телефон қоңырауларының басым бөлігі аналарға бағытталады екен. Ал дәл мереке күні байланыс үзіліп қалса ше? 8 анаға 8 түрлі құттықтауды қандай тәсілдермен жеткізуге болады?..
«Біртүрлі әйел» («A Woman Under the Influence»)
Бұл фильм өзіне сенімсіз әрі жүйке жүйесі құрып біткен әйел жайында. Күйеуімен күн сайын ажырасуға дейін барады. Бірақ жұбайы некені сақтап қалу үшін оның барлық "бұзықтығына" төзімділік танытады. Не істеп, не қойғанын білмейтін әйел болғанымен, ол да біреудің анасы. Жүйкесі жұқарғандықтан, қандай әрекетке барса да, балаларымен бала болып ойнай алады, оларға деген ықыласы ерекше...
«Мұны қалай істейтінін білмеймін» («I Don't Know How She Does It»)
Үш баланың сұлу да жас анасы жарының көңілін де тауып, балаларының да бабын келтіріп, жұмысын да жемісті етеді. Барлығына қалай үлгереді, оны фильм айтсын. Бір қызығы, бас кейіпкер – Сара Джессика Паркер өмірде де үш баланың анасы. Комедия жанрында түсірілген фильмді көріп, уақыт жоқ деген сөзбен қоштасып, аналарыңыздың қадіріне жетіңіздер.