"Тақиялы періште" киносы сахнадан көрсетіледі

"Тақиялы періште" киносы сахнадан көрсетіледі

Қазақ киносының көрнекті қайраткері Шәкен Аймановтың 1968 жылы жарық көрген «Тақиялы періште» комедиясы талай көрерменнің жүрегінен орын алып, әлі күнге дейін көпшіліктің ерекше ықыласына бөленуде. Аты аңызға айналған фильм желісімен Астана күніне орай өнер жұлдыздарының қатысуымен «Тақиялы періште» атты кино концерті өтеді.

«Тақиялы періште» - көрермен қауымды күлкіге бөлейтін кинокомедия ғана емес. Ол әуезді әуенмен көркемделген керемет туынды. Орда бұзар жасқа келсе де, анасының еркесі болып жүрген география пәнінің мұғалімі Тайлақ бойдақтықпен қоштаса алмай жүреді. Кенже ұлының жалғыз жүргендігі анасы Тананың жанына қатты батады. Ақ көңіл Тана ана келінді өзі іздеуге бел буады. Сахна төрінде кинода орындалатын әндер жаңа дауыста шырқалып, кинодағы қызықты оқиғалар көрсетіледі.

«Тақиялы періште» кино концертіндегі бас рөлдерді:

- Тана - ҚР еңбек сіңірген әртісі Айжан Салаева;

- Нияз –Қазақстан жастар Одағы сыйлығының иегері, актер Нұрай Танабаев;

- Тайлақ – Камералық хордың жеке орындаушысы Расул Нөгербеков;

- Айша – шоумен, эстрада орындаушысы Жанна Әубәкірова;

- Алтыншаш –эстрада орындаушысы Айгүл Бекмағамбетова;

- Жамал – актриса Мақпал Сүлейменова сомдайтын болады.

Сондай-ақ, қойылымда Камералық хор әртістері мен  «Шалқыма» ұлттық би ансамблінің мүшелері бой көрсетеді. Қойылымда шырқалатын барлық әндерді Симфониялық оркестрдің сүйемелдейтін болады. Атақты «Ана туралы» әнді Бибігүл Жанұзақ, «Гүл - Алматы» әнін Нұрбол Балапанов жеке дауыста орындайды. Ал Одиссей жайлы әзіл ән мен ырғақты би  қойылым көрермендерін ерекше әсерге бөлейтін болады.


Өміршең комедияның сахнадағы нұсқасын көпшілікке ұсыну идеясының авторы - Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының көркемдік жетекшісі және бас директоры  Сәкен Әбдірахманов. Ал қызықты сценарийді Жанна Әубәкірова жазған. Қойылым режиссері – Марина Гарбуз, қоюшы-суретші – Серік Балтаев.

«Тақиялы періште» кино концерті Астана күнінің қарсаңында 3 шілде күні Астана қаласындағы Конгресс-холл сахнасында өтеді. Басталуы 19:00-де.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: astanaday.kz, afisha.kz

Ғ. Ұзақ