- Негізгі бет
- 8 наурыз 2017
- 8 наурызға арналған...
8 наурызға арналған сыйлықтар
Көктем мерекесі 8 наурыз жақындап келеді. Біз сыйлық таңдап үлгеруіміз керек. "Кімге, қандай сыйлық таңдау керек?" деген сұраққа бас қатырып жүрсеңіз, Massaget.kz көмекке келеді.
Анама не сыйлаймын?
8 наурыз күні құттықтауымыз керек алғашқы адам – анамыз. Өйткені бұл мереке абзал аналарға арналған. Егер анаңыз жаныңызда болмаса, сағат тілі түнгі он екіні соққанда, телефон шалыңыз. Жылы лебізіңізді айтып, жүрегіңізден шыққан тілегіңізді ақтарыңыз. "Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада" демекші, бұл күні анаңызға жақсылап көңіл бөлуге тырысыңыз. Күйбең тірлікпен анамызға қатты сөйлеп қалып жатамыз. Сондай сәт үшін анаңыздан кешірім сұрауыңызға болады. Оған қатты жақсы көретініңізді айтудан тартынбаңыз, егер айта алмасаңыз, хат түрінде жазып жіберіңіз. Одан бөлек, анаңызды қуантатын сыйлықтар сатып алыңыз. Қалтаңызға қарай, киім-кешектен бастап, шипажайға жолдама, тұрмысқа қажетті заттар сыйлауыңызға болады. Мысалы, төсек-орын жабдығы, үй киімдері, әмиян, иіссу, мәзір жазылған кітап, т.б. Міндетті түрде гүл сыйлауды ұмытпаңыз. Бөлме гүлі де – жақсы сыйлық.
Сүйікті қызыма не сыйлаймын?
Жүрегіңіздің жартысын мерекесімен құттықтағыңыз келсе, ешқашан құрқол бармаңыз. Қалтаңызда қаражат болмаса, бір тал гүл болса да сатып алыңыз. Өйткені 8 наурызда сыйлық бермеу оның көңілін қатты қалдырады. Өйткені кез келген қыз сүйіктісінен сыйлық күтеді. Сондықтан ең арзан деген сыйлықтың өзі сүйіктіңіздің көңілін көтеретінін ұмытпаңыз. Бастысы – шынайы көңіл, таза ниет. Соның ішінде қыз балаға әшекей бұйым (моншақ, браслет, сырға), косметика сыйлауға болады. Ерекше әсер қалдырғыңыз келсе, оның аты жазылған алқаға, шыныға тапсырыс бере аласыз. Сыйлық аларда жүрек пішінінің болуына да мән беріңіз. Жүрек ашықхат, жүрек асүй ыдысы болсын, сіздің оған деген сезіміңіздің белгісі бола алады.
Әріптес қызға не сыйлаймын?
Бұл жерде романтиканың қажеті аз-ау. Өйткені әріптес қызға сыйлық ұсыну арқылы оған сезіміңізді емес, сыйластығыңызды білдіресіз. Сондықтан сыйлықтың ең алдымен оған қажетті зат болғанын қадағалаңыз. Шоколад пен гүл әкеліп, түрлі сертификат (сұлулық салонына, фитнеске, т.б.), ыдыс-аяқ ұсынсаңыз да ұтылмайсыз. Әріптес қыздарды мейрам алдында киноға, театрға, түрлі ойын-сауық орталығына, боулингке, т.б. апаруға болады.
Бастығыңыз әйел болса...
Әйел бастыққа не сыйлаған дұрыс? Әдетте басшылық қызметтегі әйел адамда бәрі болатындықтан, оған не сыйларымызды білмей жатамыз. Әйел бастыққа ұжым атынан естелік зат сыйлаңыз. Мысалы, керемет қабырға суреті, жұмыс үстеліне қоятын естелік заттар жақсы сыйлық болмақ. Сондай-ақ моншақ, ерекше қойын дәптер, субұрқағы бар шам, әшекей бұйым салынатын қобдиша сияқты заттар да сатып алсаңыз болады.
Әйеліме не сыйлаймын?
Егер үйленген жігіт болсаңыз, 8 наурызды әйеліңіздің асыға күтетінін ұмытпаңыз, Әдетте үйленген соң, романтика екінші орынға қалып жатады. Негізінен бәрі керісінше болуы керек. Әйел – сіздің балаларыңыздың анасы, өмірлік серігіңіз. Сондықтан әйеліңіздің не нәрсені армандап жүргенін ойыңызда ұстап, 8 наурызда сол затты сыйлауға ұмтылыңыз. Егер қалтаңыз көтермесе, күні бойы әйеліңізге жылы сөз арнаңыз. Оны еркелетіңіз. Сонда да тым болмаса гүл сыйлауға тырысыңыз.
Мұғалімге не сыйлаймын?
Егер сіз оқушы болсаңыз, мұғаліміңізге сынып атынан сыйлық алудан қалыс қалмаңыз. Өйткені мұғалім – сіздің екінші анаңыз. Әлбетте барлық пәннің мұғаліміне сыйлық беруге шамаңыз келе қоймас, бірақ сынып жетекшіңіз болсын, өзіңіздің сүйікті ұстазыңыз болсын, бұл мейрамда сыйлықсыз қалмауы тиіс. Мұғалімге гүлге арналған ваза, кітап, қойын дәптер, тәтті салынған қобдиша сыйлауға болады.
Енеме не сыйлаймын?
Енеңіз болса, 8 наурыз күні ол кісіні де құттықтауды ұмытпаңыз. "Сыйлық адамдарды бір-біріне жақындатады", сондықтан енеңізге қолға арналған крем, иіссу, ыдыс-аяқ, шаш бояуын сыйлай аласыз.
Дос қызыма не сыйлаймын?
Жақын құрбыңызға шаш қыстырғыш, білезік сияқты әшекей бұйым, жылы лебізіңіз жазылған ашықхат, шарф сыйлауға болады. Одан бөлек, ол жайлы жылы естеліктер жинақталған үшбу хат жазсаңыз, бұл хатты ол ең құнды заттары тұратын жерде мәңгіге сақтап жүрмек. Қыздың көңілін тәтті көтереді, сондықтан қораптағы шоколад сыйлаңыз. Сыйлықтың сыртын әдемі лентамен безендіруді ұмытпаңыз. Дос – сырласың. Бүгінде адамдардың бір-бірін интернет бетінде құттықтауы сәнге айналды. Массагет.кз сайтындағы "Блогтар" айдарына ол туралы блог жазуыңызға болады. Жан құрбыңыздың суретін жүктеп, астына есіңізден кетпейтін қызықты оқиғаларды жазып, 8 наурыз күні өзіне оқытсаңыз, досыңыз ерекше әсерге бөленетіні сөзсіз.
Сіңлі, қарындасыма, әпкеме не сыйлаймын?
Әлбетте бауырдың да сыйлықтан үлесі бар. Өйткені бір әке, бір анадан туған жақын жандар 8 наурызда сізден сыйлық күтеді. Өміріңізде маңызды рөл ойнайтын бұл кісілерге тушь, опа-далап, флешка, ұялы телефонына қап, ноутбугіне тышқан, жуынатын гель, сөмке, шай, кофе сыйлауға болады.
Сыйлықты шын жүрегіңізбен ұсынатыныңызды білеміз. Сіз үшін маңызы жоқ адам бұндай мерекеде есіңізге де түспес еді. Егер қалтаңыз көтермесе, сыйлықты өз қолыңызбен жасап беріңіз. Сыйлық бергенде тебіреніп ол жайлы жылы сөз айтуды да ұмытпаңыз. Іске сәт!
Р. Роза