- Негізгі бет
- 8 наурыз 2016
- Құрбыма сыйлық. Handmade...
Құрбыма сыйлық. Handmade
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Осындай атаулы мерекеде сыйлық алу кез келген адамның көңілін көтерері анық. 8 наурыз мерекесінде құрбымызға, әпке-сіңілімізге, өзімізге жақын жандарға не сыйларымызды білмей ұзақ ойланатын кездер болады. Сыйлықты өзіміз қолдан жасау үшін идея ұсынбақпыз. Әшекей ұнататын құрбыңызға өз қолыңызбен жасалған лентадан жасалған білезік пен тастардан жасалған білезік, шаш қыстырғыш пен сырға сыйласаңыз болады. Қыздың барлығы дерлік тәттіні ұнатады деген ойдамыз. Сондықтан "Тәтті көмек" сыйлығын дайындап көріңіздер.
Қажетті құралдар:
- құты;
- желім;
- жапсырма немесе кез келген қағаз;
- қалам;
- лента;
- төртбұрышты әдемі мата немесе қағаз майлық;
- тәттілер.
Жапсырмаға суретте көрсетілгендей "Тәтті көмек" және "Қолдану нұсқамасы" деп жазып дайындап қоямыз. Қолмен жазу немесе компьютермен теріп, принтерден басып шығару өз еркіңізде. "Қолдану нұсқамасының" орнына өз қиялыңыздан кез келген нәрсе жазсаңыз болады. Бастысы, құрбыңыз сол сөздерді оқығанда жүзіне күлкі енсе, сыйлық өз міндетін атқарды деген сөз.
"Тәтті көмек" тіркесі жазылған қағазды желімнің немесе екі жақты скотчтың көмегімен құтыға жабыстырамыз. Оны жабыстырған жер құтының алдыңғы жағы болып саналады. Құтыны таңдарда сырты ерекше және әдемі болуын ескеріңіз.
"Қолдану нұсқамасын" құтының артына жабыстырамыз. Жабыстырған қағаз суреттегідей жиырылып қалмас үшін құтының тегіс болғаны жөн.
Одан соң құтының ішін құрбыңыз аса ұнататын тәттілермен толтырыңыз. Ол тәттінің бір түрі немесе әр түрінен болсада маңызды емес.
Құтының қақпағын жапқан соң, оның үстіне төртбұрышты әдемі мата немесе қағаз майлық қоямыз. Қағаз майлықтың сыртынан қақпақты айналдыра лентамен байлаймыз.
Өз қолымыздан дайындаған сыйлық дайын. Мерекелеріңіз құтты болсын!
А. Жапатова