Наурыз мейрамын өзге елдер неше күн тойлайды?

Наурыз мейрамын өзге елдер неше күн тойлайды?
Фото: baq.kz

Әз-Наурыздың тойлану күні де таяп қалды. Күн мен түннің теңеліп, жердің көк кілемдей құлпырар күні алыс емес. Осы айтулы мереке осыдан алты жыл бұрын ЮНЕСКО тізіміне алынып, «Халықаралық Наурыз күні» деп бекітілді. Бұл күнді тек қазақ халқы ғана емес, көршілес елдер де тойлайды.

«Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деп ақ тілегін бір-біріне жаудыратын халықтың осы мерекеде шын ықыласын байқауға болады. Жұрт осы күні өкпесі болса кешіріп, істеген ағаттығы кетсе кешірім сұрап барлығын ескі жылда қалдыруға асығады. Осындай ұлық мерекені Орта Азия мен түркітілдес өзге елдер де тойлайды екен. Бірақ, өзге елдердің өз салты мен дәстүрі бар. Ендеше, әз Наурызды  өзге ұлттар  қалай қарсы алып, қандай іс-шаралар өткізетініне назар аударайық. 

Ең бірінші Алатаудың арғы бетінде жатқан айыр қалпақты көршімізден бастаған жөн болар. Қырғызша «ноорузкөже» деп аталатын үлкен асты пісіріп, туған-туыстың басын қосып осы күнді қуанышты өткізу үшін барын салады. Бұл мерекеде  қырғыз жұрты ұлттық киімдерін киіп, көрші-қолаңды аралап, жаңа жылмен құттықтауға кіріседі. Назар салып қарасаңыздар, біздің елден еш айырмашылығы жоқ. Тек тағам түрлері бөлектеу. Қырғыз халқы бұл күндері наурыз ­көжемен қатар «ауз көже» мен «кавут» дәстүрлі тағамдарын дайындайды.

Түркі жұртына таныс мерекені қарақалпақ жұрты, башқұрттар, қырым татарлары, Солтүстік Кавказ елі, тіпті Қытайды мекен еткен түркі-тілдес шағын ұлттар да тойлайды. Барлық елдің үлкен қазанында жеті түрлі қоспадан тұратын көже немесе басқа да тағам түрлері дайындалып, шама-шарқы жеткенше той жасап, мерекелік іс-шаралар өткізеді. Наурыз мейрамы түркілердің қай-қай ұлтына да жат емес. Барлығы да Наурызға ұлық мереке деп, зор мән берген. 

«Суманақ» немесе «сумалақ» тағамын әзірлеп бұл күнді Тәжікстан жұрты да өз деңгейінде тойлайды. Аталған мереке бұл төңіректе наурыз айының 21-24 аралығында өтеді. Астың көп болғаны сол жылдың молшылықта өтуіне байланысты болғандықтан, тәжікстандықтар да дастарханның толып тұрғанына аса мән береді. «Сумалақ» асын бір апта бұрын дайындауға кірісетін көрінеді. Ал, мереке күні көрші-қолаң мен туыс-туғанға таратылады екен.

Өзбек жұрты Наурыз мейрамын 13 күн тойлайды. Олардың сенімі бойынша мерекеде істелген игі істері айдан-айға ұласып, жыл бойына жалағасады. Кішіпейілділік пен кешерімділік бұл елдің осы мерекедегі басты ұстанымы. Өзбек ұлтының бір ерекшелігі келесі наурыздың қалай боларын алғашқы үйіне келген қонақтың құтты қадамымен өлшейді екен. Келген қонақ жайдары, ақжарқын, қуанышпен келсе, онда жыл бойы тек қана елдің жақсылығына балайды екен.

B. ZHAQSYMBET