- Негізгі бет
- 22 наурыз 2016
- 22 наурыз. Бата...
22 наурыз. Бата беру #2
Наурыз мейрамы жеткенде ел шат-шадыман болып, бірінің үйіне бірі барып, наурыз көже ішеді. Мейрамның мақсаты әр үйдің көжесін татқызу емес, адам мен адам арасын жақындатып, татулық, сыйластық орнату. Құтты болсын айта барған жастарға үйдің ақсақалы не үлкен адамы тілек-лебізін жаудырып, бата береді. Қариялар аузынан жазып алынған батаның бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.
Отбасыңда кең тыныс болсын,
Елің қамсыз тыныш болсын.
Шаңырағыңа ұялаған береке
Таусылмайтын бақ-ырыс болсын.
Шаруаң шалымды болсын,
Еңбегің алымды болсын.
Айтқаным ақ болсын,
Құдай қолдап, жақ болсын!
Әмин!
* * *
Үйің бала-шағаға толы болсын,
Қонақжай отбасыңның қолы болсын.
Ақ тілек сапарыңның жолы болсын,
Тілеуі мол тірлігің тынысты болсын.
Берекесі мол бірлігің ырысты болсын.
Қанағат берсін, құт берсін,
Бар жақсысын жұп берсін.
Осы айтқан сөзімді сабыр етсін,
Құдайым тілеуімді қабыл етсін!
* * *
Есімің елге жайылсын,
Еңбегің жерге жайылсын.
Өнегең өрнекті болсын,
Қызметің көрнекті болсын.
Ақ ниетің тасысын,
Абыройың ассын.
Осы айтқаным қабыл болсын,
Құдайым саған ұзақ ғұмыр берсін.
* * *
Өмірің жырлы болсын,
Отбасың нұрлы болсын.
Қолың ашық болсын,
Өмір жолың қашық болсын.
Еңбегіңнің еленгенін көр,
Қанағатқа сабыр ет,
Быр тілекті қабыл ет!
Әмин!
* * *
Байлығың судай тасысын,
Мәртебең таудай ассын.
Қойларың егіз туып,
Бізге сойған қозыңның орнын бассын.
* * *
Бастарыңа бақ берсін,
Несібеңді нақ берсін.
Шаруаңа бап берсін,
Ырыс-байлық ап келсін.
Желектейін ұрпағың
Жапырақтай көп болсын.
ЖАсыл жайлау отауың,
Мамыражай тоқ болсын!
* * *
Шаңырағың шуақты болсын,
Қабырғаң мықты қуатты болсын.
Дастарқаның ашық болсын,
Ел-жұртың асық болсын.
Бала-шағаң қуатты болсын,
Тәубең тірек болсын,
Тілегің – білек болсын.
* * *
Балаң сайлы болсын,
Келінің жайлы болсын.
Қазаның асулы болсын,
Дастарқаның шашулы болсын.
Көгенің қойлы болсын,
Шаңырағың тойлы болсын.
Ұрпағың өрісті болсын,
Өмірі келісті болсын!
* * *
Көшің көлікті болсын,
Қонысың түлікті болсын.
Қатулықтан аулақ бол,
Татулыққа жақын бол.
Дәуренің сәнді болсын,
Ғұмырың мәнді болсын.
Таңың азанды болсын,
Үйің қазанды болсын.
Шаңырағыңа шат құйылсын,
Дастарқаныңа жұрт жиылсын.
Әмин!
* * *
Төбеге әкеп ту тігіп,
Той-мереке етіңдер.
Алалы болмай ауызың,
Ынтымақ қылып бекіңдер.
Теңдікке жетіп қолдары
Теңелсін жетім-жесірлер.
Бір ауыздан сөз шығып,
Кесірді ескі кесіңдер.
Жамбыл ақын батасы,
Батаның жоқ-ты қатасы.
Мұратыңа жетіңдер!
* * *
Ақылың ассын,
Ықыласың тассын.
Балаң үбірлі болсын,
Қызың шүбірлі болсын.
Жақының көп болсын,
Дұшпаның жоқ болсын.
Жақсы келсін қасыңа,
Нұр жаусын басыңа.
Әмин!