Киіз үйдің түрлері. Оның бөлшектерінің салт-дәстүрмен байланысы

Киіз үй жиналмалы және жазылмалы ағаш қаңқадан, киіз жабындардан және үйдің барлық бөлігін бекітетін таңғыш шалмалар мен бау-басқұрлардан, арқандардан құралады. Ағаш қаңқасы төрт бөліктен тұрады: кереге - киіз үйдің шеңберлі қабырғасын түзейтін ажырамалы буындар, уық - күмбез сырғауылдары, шаңырақ — күмбез төбесіндегі шеңбер; қос жармалы есік. Мақсатына, мөлшері мен құрылымына қарай қазақтар киіз үйді үш топқа бөледі: түрғын жай, салтанатты жай және көш кезінде пайдаланылатын киіз үй. Мұның өз қисыны бар: олар сыртқы түрі мен мөлшері жағынан бір-бірінен едәуір өзгеше.

Тұрғын киіз үй - бұл ең бір кеңінен таралған әмбебап баспана. Оны Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі халқының көпшілігі ғасырлар бойы қолданып келген. Бұл киіз үйде екі ұрпақ өкілдерінен тараған бір әулет тұрады. Дәстүрге сәйкес киіз үйдің іші белгілі бір мақсатқа сай келетін бөліктерге бөлінеді: қонақтар мен үй иелері жайғасатын, сондай-ақ жиһаз бен тұрмыстық заттар орналасатын орындар айқындалады. Киіз үйдің бұл түрін «үй» деген ортақ атаумен атайды. Ол қосалқы төрт түрге бөлінеді: қара үй (3 қанат киіз үй), қоңыр үй (4 қанат киіз үй), боз үй (5 қанат киіз үй) және ақ үй (6 қанат киіз үй). Атына қарағанда (қара, қоңыр, боз, ақ), бұл киіз үйлер дәрежесіне қарай ретімен орналасқан болса керек: ең кішісі әрі түсі қара болып келетін киіз үй - кедей отбасының баспанасы, ал ең үлкені әрі түсі ақ - бұл әл-ауқаты жоғары отбасының кең де әсем киіз үйі. Алайда киіз үй мөлшері мен оның киіздерінің саны қожасының әл-ауқаты мен оның қоғамдағы алатын орнына соншалықты тәуелді деп санау дұрыс емес. 

Киіз үйдің екінші түрі - қонақ түсуге арналған киіз үй, салтанатты киіз үй немесе орда. Бұл топта да төрт қосалқы түр бар: ақ ала орда (8 қанат киіз үй), ақ орда (12 қанат киіз үй), алтын орда (18 қанат киіз үй), алтын үзік (18-ден астам қанаты бар киіз үй). Әдеби деректерде 30 қанат киіз үй - алтын үзік туралы мәліметтер кездеседі, алайда ең қарапайым есептің нәтижесінде осынша қанаты бар түркі киіз үйінің болуы мүмкін емес екенін көруге болады. Себебі, мұндай киіз үй жасау үшін ішкі тіреуіштерді қолдану қажет болады, ал бұл моңғол үлгісіндегі киіз үй болмақ, әрі ол жылжымалы болмас еді. Бұл жерде, сірә, фольклорлық дәстүр орын алып отырған болса керек, онда халық ауыз әдебиетіне тән болып келетін әсірелеуге деген бейімділікпен бізге Жошы хан мен оның ұрпақтары - қазақ хандары мен сұлтандарының ордалары туралы айтады. Үлкен киіз үй, ордалар қазақ даласында XIII ғасырдан XIX ғасырдың орта тұсына дейін, орыс әкімшілігі сұлтандардың саяси ықпалын жойып жібергенше пайдаланылып келді.

Хан-сұлтандардың жазғы көшпелі ордалары өзен-көлдердің жағасында еркін орналасқан. Көз жауын алатын киіз үйлі қалашықтар. Мұндай қалашықтарды құрудың қатып қалған ережелері болмаған. Қоныстың қақ ортасында орда киіз үй тігіліп, оның жанында қонақ түсіруге арналған салтанатты киіз үйлер орналастырылатын болған. Олардан сәл аулақтау жерде, әдетте қоныстың әр тұсында сұлтанның әйелдерінің киіз үйлері тігілген. Оларды қоршай тұрғынжайға және шаруашылыққа арналған киіз үйлер орналасқан. Бұл үйлерде ағайын-туған мен қоңсылар жайғасып, сондай-ақ қонақтар мен үй ішіндегілерге арнап тамақ дайындалған. Қалашықтың сыртқы шекарасын бойлай сллтан сарбаздары мен қызметшілерінің қызметін қоса атқаратын өзіндік бір қауым - төлеңгіттердің және басқа да жауынгерлердің киіз үйі тігілген.

Дәстүрлі көшпенділер қоғамы дүниеге келген әр баланы өз мәдениетінің болашағы ретінде қарсы алған. Ұланғайыр далада халық аса шашыраңқы тұрса да, адамның қолымен жүзеге асырылатын көшпенді және жартылай көшпенді шаруашылық жүргізу жағдайында шаруа маңындағы жұмыс қолының саны зор рөл атқарған. Салт-дәстүр мен өнеге-білім берудің негізгі жолы миф, аңыз, аңыз-әңгіме, эпос, шежіре арқылы дамыған ауыз мәдениеті болды. Осындай білім иелері де өте жоғары бағаланып, осының барлығы қоғамның жеке тұлғаға, адамға үлкен ілтипатпен қарауына себеп болған. Адам өмірінің әр кезеңі айрықша мереке ретінде атап өтіліп, оның көпшілігі киіз үйде өткен. Ең алғашқы әрі ең күрделі жол-жоралғы тобы баланың дүниеге келуімен байланысты екен. Мұнда жалпы киіз үйдің өзі ғана емес, оның құрылымының жеке элементтері де маңызды рөл атқарған. Атап айтқанда, киіз үйдің бақаны жас босанатын әйелге сүйеніш ретінде қолданылған. Бақан әйел толғатқан кезде есіктен біршама алыстау, киіз үйдің оң жақ бөлігіне орнатылатын болған. Бақаннан киіз үйдің кереге көзіне жүген тартылып, ол босанатын әйелдің қолтығы астынан өткізілген. Толғақ кезінде ол осы арқанды сүйеніш еткен. 

Киіз үй бейнесінің өмірлік күш пен өсіп-өнуді қамтамасыз етуге бағытталуы үй ішіндегі жабдықтың түр-түсінен де көрініс тапқан. Қазақтың киіз үйінде, басқа да түркілік көшпенді және жартылай көшпенді халықтардың баспанасындағыдай мата қиықтарында, кілемдерде, перделерде бейнеленген ою-өрнек көбінесе ашық түспен берілген, соның ішінде қызыл түс баланың өмірге келуімен, көбеюмен, тіршілікпен байланысты болған. Осыған ұқсас төсекжаймен байланысты қолданылатын кейбір ырымдар да көп тараған. Жаңа қосылған жұбайлардың төсекжайына бала көтермеген бедеу әйелдерді жақындатпаған. Төсекжайды бірінші түні көп балалы, елге сыйлы, қолы берекелі әйелге салдырған.

Сурет: yvision.kz