22 Наурыз. Халқымыздың ырым-тыйымдары

Қазақ халқы қадым замандардан бері табиғат тағылымдарын кие тұтып, ырым-тыйымдарға сенумен келеді. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғатпен тығыз байланысты зерделі ел жыл басы Наурызды қараңғының – жарыққа, ызғардың - жылыға, қараның – аққа, сордың – баққа, кесірдің – киеге, жоқтың – барға ауысатын талайлы табалдырығы деп таныған. Төмендегі ырымдарды топтамасы  ата-бабамыздың сондай сенімдерінің үлгісі десек те болады.

Жыл ішінде мал-жан ауру-сырқаудан аман болады деп ырымдап, Наурызға қарсы ауыл-аймақ тазартылып
, адамдар жаңа, таза киініп, шашын алып, бойын тазартып, мойнындағы қарызынан құтылады. Күнәсынан  барынша арылуға тырысып, тәубесіне келеді. Жаңа жылдың алғашқы таңы атып, күн шыққанда, күннің «Құты» дарыған кісі мол ырысты болады деп ырымдалып «Қызыр түнін» күзетіп шығады. Таң бозарып ата бастаған кезде, ауыл-аймақта үлкен-кіші демей биіктеу жерге жиналып, күнге қарап:

«Армысың, Қайырлы Күн - Ана!

Армысың, кеудесі түкті Жер - Ана!

Жаңа жыл жарылқа, жарылқа!» – деп, күнге тәу етіп, бата жасайды.

Наурызнамада сойылған Көк өгіздің бауыздау қанымен балалардың маңдайына күн бейнесін салып, «Құты дарысын, сіңсін» - деп ырым етеді. «Көк қаулап өссін, ақ мол болсын» - деп ырымдап, «Құтаю» рәсімі бойынша жаңа бүрлеген шыбыққа ақ бүркеді. Пәле-жала, ауру-сырқау, реніш-қайғы өткен жылда қалсын, отпен жанып кетсін деп «Аластау» рәсімін жасайды. Ұлыс күні жауған қар «Ақшақар», «Нұржауды» деп аталады. Ол басталатын жылдың ырысты болатындығының нышаны. Наурыз күні қарға түскен құмалық батып кетсе, көктем ерте шығады, ал батпай бетінде қар қалса, көктем 40 күн кеш шығады. Ауыл ақсақаладары, көрші-қолаң «Ақ мол болып, көпшілікке бұйырсын» деген оймен бірін-бір «қымыз мұрындыққа» шақырады. «Саумалық» ырымы бойынша, әрбір отбасы Наурыз тойында:

 

Саумалық, саумалық,    

Жаңа келген жақсылық.      

Жаңа келген мереке,      

Жаңа келген береке.        

 Көрмедік пе, көрдік пе?

Саумалық, саумалық,                                                                                     

Сүт көп, көмір аз.     

Өмір көп, өлім жоқ! – деп, үйдегі ескі ыдысты сындырып, «қабақ сынды, қайғы кетті» деп ырым жасаған.    

Егер ол түні қой малы қораға алшаңдай басып еркін кірсе, көктем ерте туады. Егер күн шыққанда түсі күңгірт тартып, солғын шықса, ол жылы жауын-шашын көп болады. Егер күн сәулесі шапағын төгіп, рауандап шықса, ол жылы молшылық болады. Ұлыс күні күн оттай қызарып шықса, ол жылы өлім-жітім, өрт көп болады. Егер күннің түсі сарғыш қызғылт тартып, ыстық лебі бетке ұрып, шақырайып шықса, ол жылы құрғақшылық, далалы жерлерде өрт болуы ықтимал. Шолпан жарқырап шыққан жылдары көк бітік шығады. Көмескіленіп туған жылы шөп те мардымсыз өседі.

 

Қандай тылсым жағдай болмаса да, бәрін жақсыға жори білейік.

Сурет:  yvision.kz.