Гүлдің түрлері: жан-жақты сипаттама

Гүлдің түрлері: жан-жақты сипаттама

Гүлді жақсы көрмейтін қыздар жоқтың қасы шығар. Соның ішінде раушан гүлі нәзік жандыларға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Біз бүгін ғашықтар күні қарсаңында аталған гүлдің әр түсіне сипаттама бергіміз келіп отыр.

Ақ түсті раушан – қай кезде де тазалық пен пәктіктің символы саналады. Сондықтан оны көбіне тойда тарту етеді.

Қызыл түсті раушан – бәрімізге белгілі адал сезім мен мәңгілік махаббаттың нышаны. Ал оның ақ раушанмен қосындысы әріптесіне деген сыйластықты, бірлікті білдіреді. 

Қою қызыл түсті раушан – бір көргеннен ғашық болғаныңызды байқатады.

Алқызыл түсті раушан – сыпайылық пен сырбаздықтың символы. Бұл гүлді сыйлау арқылы серіктесіңізге алғысыңызды және көңіліңізді білдіре аласыз.

Сары түсті раушан – шынайы достықты ұқтырады. Сол себепті оны көбіне туған күн кештеріне сыйға тартады.

Қызғылт сары түсті раушан – ыстық сезім мен ес-түссіз ғашықтықтың символы. Бірақ сонымен қатар кең пейілділік пен достық қарым-қатынасты да білдіреді.

Жасыл түсті раушан – жомарттық, молшылық және жемістіліктің белгісі.

Қара түсті раушан – қайғылы кездерде беріледі.

Сыйға берілген раушан гүлдерінің санының да өзіндік мағынасы бар.

Бір раушан гүлі жүрегіңіз жалғыз екенін білдірсе, қос раушан кездесуге шақырғыңыз келетініңізді көрсетеді.

Үш раушан терең сезім мен махаббатты байқатса, бес раушан амандық, саулық, бақыт тілейтініңіздің нышаны.

Он тоғыз раушан тойға тарту етіледі. Өйткені ол «мәнді әрі сәнді ғұмыр кешіңіздер» деген мағынада.

Жиырма жеті раушан гүлі жарыңызды шын сүйетініңіздің белгісі ретінде берілсе, отыз алты раушан «бұл өмірде бақытты бол» деген тілекпен ұсынылады.

Ал ең бастысы – жүз бір раушан гүлі. Ол: «сен тек менің мәңгілік махаббатымсың» деген мағынаны білдіреді.

Cурет: sklad-cvetov.com, www.stihi.ru

Ж. Исакаев