"Шыңғыстау – Ұлылар мекені" әдеби кеші өтті

"Шыңғыстау – Ұлылар мекені" әдеби кеші өтті
Фото: Абай мұражайы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында қараша айының 16 күні «Шыңғыстау – Ұлылар мекені» ҚР оқу ағарту ісінің үздігі, Абай, Ақсуат аудандарының Құрметті азаматы Молдабек Жанболатұлының 80 жасқа толуына орай мерекелік әдеби-сазды кеш өтті.

М.Жанболатұлы 1936 жылы Шыңғыстауда, Орда тауының бауырында дүниеге келген. Саналы ғұмырын оқу-ағарту ісіне, еліміздің мәдениетін жандандыруға арнаған ұстаз, этнограф, шежіреші, ұлт жанашыры.

Тобықтыдан шыққан әйгілі адамдар мен елеулі есімдер өмірінің өнегелі үлгісін термелеп, Шыңғыс елінің, Абай ауданының тарихын нақты деректермен, тарихи құжаттармен айғақтайтын «Тобықты Шыңғыстау шежіресі» атты алты томдық еңбегі жазушының талай еңбекпен, ізденіспен өмірге келген қомақты шығармасы. 

Бүгінде абыз ақсақал атанған, шежіре жазудың шебері, бірнеше мемлекеттік марапаттардың, Абай, Шәкәрім төсбелгілерінің иегері Молдабек Жанболатұлы 80 жасқа толып отыр. 

Кешті Абай мұражайының директоры Б.Жүнісбекұлы алғысөзбен ашып, мерейтой иесіне қазақтың дәстүрімен иығына шапан жауып құрмет көрсетті. 

Абай қорының президенті О.Кәрібжанов, кезінде әріптес болып бірге қызмет жасаған С.Тоғызбаев, Қ.Жұмабаев, тарих ғылымдарының кандидаты А.Исин, әнші Б.Сағымбаева М.Жанболатұлының өмір жолдарына тоқталып, жасаған еңбектерін баяндап қызықты естеліктер айтты. 

Білім мен өнер жолын қатар алып жүрген Молдабек ағаның мерейтойынан қаламыздың өнерпаздары да қалыс қалған жоқ. Қалалық мәдениет сарайының әншілері Қ.Оралбаев, Ж.Шарипов, «Жас қанат» балалар орталығының жас жеткіншектері әсем билерімен, «Дариға-ай» жастар театрының актерлері Е.Қалым мен Д.Өмірханов арнау өлеңдер оқып, Ә.Қашаубаев атындағы филармония әншілерінің өнерлері кештің шырайын аша түсті. Сонымен қатар М.Жанболатұлының еңбектеріне арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Кешке қонақ ретінде қаламыздың зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, студенттер қатысты. 

Ж. Жұмағұлов