Абай Мемлекеттік қорық-мұражайында семинар өтті

Абай Мемлекеттік қорық-мұражайында семинар өтті
Фото: Абай қорық-мұражайы

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы 2016 жылы 8 ақпан күні ICOM-ның әдеби және музыка музейлер комитетінің (ICLM) вице-президенті, ағайынды Гриммдер әдеби музейінің директоры Бернард Лауэрдің қатысуымен «Музейтану мәселелері» атты аймақтық семинар өткізді.

Шара басталмас бұрын мұражай директоры Б.Жүнісбеков сөз алып, Абайдың неміс халқының ұлы ақыны Гетеден аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін оқып, ұлы тұлғалардың туындысына баса назар аудартты. Сонымен қатар екі мекеме арасындағы шығармашылық байланысты нығайту мақсатында екі жақты меморандумға қол қойылды.

Семинардың мақсаты:

Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының халықаралық байланыстарына қатысты жұмыс тәжірибесін таныстыру;

Ағайынды Гриммдер әдеби музейі жұмысының негізінде музейтану мәселелерін талқылау.

Семинар барысында бүгінгі музейлер қызметіндегі өзгерістер мен жаңашылдықтар, жалпы әлемдік музейлердің тәжірибесі жөнінде мәселелер қарастырылды.

Семинарға қатысушы музей қызметкерлеріне Бернард Лауэр мырза «Ертегінің таңғажайып әлемі» көрмесі бойынша экскурсия жүргізіп, ағайынды Гриммдер бойынша көптеген мәліметтер берді.

Семинар соңында ШҚО және Павлодар облысы, Семей қаласының музей қызметкерлеріне сертификаттар табысталды.

Германиядан келген қонаққа Б.Жүнісбеков ағайынды Гриммдер ертегілерінің қазақ тілінде шыққан кітаптарын, «Ертегінің таңғажайып әлемі» көрмесі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар топтамасын және «Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы» альбом-кітабын естелікке тарту етті. Б.Лауэр мырза «Ағайынды Гриммдер» атты кітабын мұражайға сыйлады.

Абай қорық-мұражайының
баспасөз қызметі

Г. Берік