Абай Құнанбайұлы туралы шетел мұрағаттарынан табылған деректер

Абай Құнанбайұлы туралы шетел мұрағаттарынан табылған деректер
Фото: abai.kz

Абай мұражайы қызметкерлері ғылыми іс сапармен Қазақстан, Ресей және Татарстанның бірқатар архивтерінде жұмыс жасап, тың деректер тапты.

Жыл сайын Стамбул, Москва, Омск, Санкт-Петербург, Казань қалалары және тағы басқа көптеген мұрағаттарда жұмыс жасау нәтижесінде Абай және оның заманына қатысты, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан тарихына байланысты деректер іздеу және тәжірибе алмасу, кітапханалар мен мұрағаттарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде көптеген тың архив деректері, тарихи құжаттар табылды.

Мұражай қызметкерлері Омбы қаласына іссапармен барып, облыстық мемлекеттік тарихи архивінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, архив кітапханасындағы сирек кітаптар мен XIX-XX ғ.ғ. мерзімді басылымдарды қарастырған. Революцияға дейінгі «Акмолинские областные ведомости»,  «Семипалатинские областные ведомости», «Киргизская степная газета», «Семипалатинский край», «Семипалатинский голос» т.б. газет-журналдарды қарастыру жұмыстары да үлкен нәтиже берді.

Сонымен қатар, Омбы қаласындағы Ресей Ғылым Академиясының Этнография және археология институтының қызметкерлерімен кездесіп, Қазақстан тарихына қатысты деректерді жинаған.

Атап айтар болсақ, Абайдың болыс болып сайлануы туралы, Құнанбайдың қоғамдық қызметіне қатысты, Абайдың 1889 жылы «Жаз» өлеңі басылған «Дала уалаяты» газетінің көшірмесі, 1898 жылы Шыңғыс болыстығы бойынша Ақылбай Ибрагимов болыс, Мағауия Ибрагимов кандидат болып сайлануы туралы бұйрық;  Кәкітай Ысқақұлының Шыңғыс болысы бойынша 1896-1898 жылдары болыстыққа кандидат, Рыздықпай Құдайбердіұлы, Ысқақ Құнанбаевтардың билікке сайланғаны жайлы Семей облыстық генерал-губернатордың бұйрығы, 1890 жылы Оспан Құнанбаевтың Шыңғыс болысына болыс сайлануы туралы бұйрық, Абайдың інісі оқыған Омбы кадет корпусы мен Абайдың ұлдары Ақылбай, Мағауия және Турағұлдың өміріне қатысты және басқа көптеген деректердің сандық форматтағы көшірмелері алынып, музей қорын құнды құжаттармен толықтырған.

    Сонымен қатар, Татарстан Республикасы Қазан қаласына ғылыми іс сапармен барып, архивтер мен кітапханалардың қорында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Татарстан Республикасының Ұлттық архивінде, Татарстан Республикасының Ұлттық кітапханасында, Қазан мемлекеттік университетінің Н.И.Лобачевский атындағы ғылыми кітапханасында жұмыс істеу барысында ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар мен кітаптар бөлімінен Шәкәрім суреті басылған «Очерки истории этнографии, фольклористики и антропологии. Выпуск Х. Труды института этнографии им. Н.Н.Миклухо-Маклая. Том 114. Москва, 1988 г.» кітабын кездестірдік. Бұл кітапта суреттің Шәкәрімдікі екені жазылмаған. «Охотник с беркутом. Казахи. Семипалатинский у. 1927 г.» деген жазба ғана бар».

Музей директоры Ж.Әубәкірдің бұдан соң көп еңбектерде Фиельструптің жеке архиві Санкт-Петербор музейлеріндегі этнографиялық бөлімдерде сақталғанын, дегенмен оның Мәскеуде екеніне көз жеткізген соң, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Ресей астанасына барғанын білеміз. Онда Мəскеудегі Ресей Ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология жəне антропология институтының архивінде бір апта жұмыс жасап, этнографтың 10 папка жеке архивімен, түсірген суреттерімен, жазбаларымен танысқан. 54-ші қорда сақталған Шәкәрім суретінің артында «Казахи. Семипалатинский губ., семипалат у., уроч Кенбулак, Шакпактас. Шакарим кажи со своим беркутом. Фиельструп. 1927 г.» деп жазылған. Сонымен бірге, Шәкәрім қажы ауылының көріністері, қазақтың тұрмыс-салты мен ерекшеліктерін көрсететін өзге де көптеген суреттер табылды.

Әрбір ғылыми іс сапар бүгінде өз нәтижесін көрсетеді. Өйткені 75 жылдық тарихы бар мұражайдың ғылыми қызметкерлерінің негізгі мақсаты архив қазыналарын нысаналы мақсатпен, мұқият зерттеу нәтижесінде табылған деректердің ішінде бұрын мұражай қорында болмаған жаңа, тың деректер табу. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын таба бермек...

Көкебаев Дархан

Абай-қорық мұражайының

ғылыми қызметкері

@. @assel_assanova