Қазақ жұлдыздары балаларының Instagram желісіндегі рейтингі

Қазақ жұлдыздары балаларының Instagram желісіндегі рейтингі

Instagram желісі бүгінде қазақ эстрадасы жұлдыздарының шығармашылығы мен өмірін бақылауға таптырмас құрал болып отыр. Өз кезегімізде қазақтың әнші-орындаушылары, продюсерлері мен айтыскерлерінің және жалпы шоу-бизнес саласында жүрген танымал адамдардың балаларын бақылап, арнайы рейтинг жасап көрдік. Рейтинг олардың оқырмандарының санына байланысты.

Сонымен, қай жұлдыздың баласы интернетте танымал?

Бірінші орында продюсер Баян Есентаеваның қызы Айсәуле Бақытбек. 107 151 оқырманы бар. Қазір Айсәуле 18 жаста. Instagram желісіне ол 2012 жылы тіркеліпті. Айсәуле болашақта журналист болғысы келеді. Бұл арманын жүзеге асыру үшін ол сөйлеу мәдениеті мен техникасы сабақтарына қатысқан. Сонымен қатар қазақ және орыс тілдерінде мақала жазу машығын меңгерген. Айсәуле бұл тілдерден басқа ағылшынша және французша сөйлеуді үйренуде.

Екінші орынды да Баян Есентаеваның екінші қызы Айару Бақытбек 50,565 оқырманымен иеленіп отыр. Айару 2012 жылдан бері желіде өте белсенді. Оның осыған дейін 188 сурет жариялаған. Әрбір суреті кем дегенде 5 мың "like" жинайды.

Балалар танымалдылығының рейтінгінде үшінші орынды әнші, жүргізуші Жанар Айжанованың қызы Айжұлдыз Адайбекова қорытындылап тұр. Айжұлдыз да анасы секілді әншілік жолға түскен. Оның "Қолшатыр" деп аталатын әнге түсірген бейнебаяны бар. Айжұлдыздың ән айту стилі, өзінің айтуы бойынша жеңіл рок екен. Оның желіге тіркелгеніне 1 жылдан астам уақыт қана өтсе де өте белсенді. 

Жұлдызды балалардың шеруінде төртінші орында әнші, сазгер Нұрлан Еспановтың ұлы Олжас Еспанов келе жатыр. Оның желіде 11 081 оқырманы бар екен. Олжас та әкесінің жолын қуған секілді. Соңғы кезде шыққан суреттерінің көбі дерлік өнер туралы екенін өзіңіз де байқай аласыз. Бұл сөзімізге соңғы Абай Бегейдің "Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын" атты әнінің клипіне түсіп жатқан сәтіндегі суреті дәлел бола алады.

Бесінші орынды 8 329 оқырманымен «SuperStar.kz» 4 финалисі Мәриям Думанованың баласы Ільяс Қаиров алып тұр. Шынтуайтында бұл парақшаны әкесі жүргізетін болуы керек. Десе де, ресми парақшаның тек Ільястың суреті шығатын болғандықтан өзіне теліп қоя аламыз. Оның қазақ эстрада жұлдыздарымен: Луина, Ринго тобы, Әли Оқапов, Артур Төлепов сияқты танымал адамдармен түскен суретін көп көреміз. Ільяс біздің рейтингіміздің ең кішкентайы.

Роза Рымбаеваның ұлы, танымал әнші Әли Оқаповтан кейінгі тағы бір баласы Мәди Рымбаевты 7 376 адам оқиды. Сөйтіп ол рейтингіміздің алтыншы орнында келеді. Мәди бұл желіге биыл, 23 қаңтарда тіркелген. Аз уақыт өтсе де оған жазылушылар саны күн санап өсіп келеді. Мәди бимен айналысады. Оның Әлидің кейбір концерттерінде үнемі билейтінін де тыңдармандары жақсы біледі.

Жетінші орында атақты айтыскер Айнұр Тұрсынбаеваның қызы. Айдана Көпбосынованың 5 102 оқырманы бар. Ол Instagram желісіне 2012 жылдың 27 қыркүйегінде тіркеліпті. Айнұрды бұл желіден бақылап отыратын көрермені оны саяхат сүйгіш қыз деп таниды. Себебі, парақшасында әр елге барғандағы суреттері жиналған.

Сегізінші орында әнші Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет Майғазиев. Бір таңғаларлығы оның әзірге 1 667 ғана оқырман бар. Бұл желіге тіркелгеніне 8 айдан енді асса да Әділет 60-қа жуық қана сурет шығарып үлгерген. Суреттерінен оның спортқа, әсіресе футболға қатты қызығатынын байқауға болады. Жаңа оқу жылында ол екінші курсқа қадам басады.

Тоғызынша орында әнші, музыкалық продюсер Бағым Мұхитденованың ұлы Арлан. Оның 1 102 оқырманы бар. Ол көліктер мен футболды қатты жақсы көреді. Әсіресе заманауи тюнинг жасалған көліктерге деген қызығушылығын Арланның ресми парақшасынан бірден байқайсыз. Ол желіге 2013 жылы 9 желтоқсанда тіркеліпті.

Әнші Алтынай Жорабаеваның қызы Аяулым Әбдімүтәлі оныншы орында. Оның басты қызығушылығы корейдің сұлу қыздары. Әсіресе, қыздардан құралған T-ARA корей тобының жанкүйері екенін байқаймыз. Бұл топтағы Jiyeon есімді әншіге қызығады. Бір ай бұрын ғана желіге тіркелген оның әзірге жинаған 587 оқырманы үлкен жетістік деуге болады.

Massaget.kz ұсынған рейтинг осындай болды. Аталған 10 жас та ата-аналары секілді өнерге, мәдениетке жақын, жанашыр болып өседі деген сенімдеміз. Мұнымен қатар, басқа да танымал әншілердің ұл-қыздары бұл желіге тіркелген. Мәселен Индира Расылханның екі бірдей сүйкімді қызы Дарина мен Айдина. Анасы Меруерт Түсіпбаева бұл желіде жоқ болса да instagram-ға енді ғана тіркелген оның баласы Нұрғиса Болатұлы бар. Таяуда олардың да оқырманы көбейіп, ел қалаулысы болсын деген тілек білдіреміз! 

Автор: Ардақ Құлтай

Сурет: instagram.com

А. Құлтай