Меруерт Түсіпбаева: "Дәл туған күнімде фильмге түсу бақыт"

Меруерт Түсіпбаева: "Дәл туған күнімде фильмге түсу бақыт"

Әнші Меруерт Түсіпбаева дәл өзінің туған күнінде 15 телехикаясы бар жобаға түсіп жатыр. Бұл туралы әнші өзінің фейсбук әлеуметтік желісінде мәлімдеді. Осыған орай, әншінің туған күнімен құттықтап, түсіріліп жатқан жобаға қатысты сұрағымызды сыйға апарған едік.

- Меруерт, біріншіден туған күніңіз құтты болсын! Сіздің дәл осы туған күніңізде фильмге түсіп жатқаныңызды естідік. Бұған дейін бірде бір фильмге қатыспағаныңызды да білеміз. Қандай фильмге түсіп жатқаныңыз тыңдармандарыңызға қызық болатын шығар?

- Иә, көптен бері ұсыныстар түсіп жатты. Бірақ кейбір ұсыныстарды өзім жақсы қабылдағым келмеді. Себебі эпизодтарға ғана түсуге шақырды, тіпті кейбір режиссерлер жалаңаш түсіретін сахналарға шақырды. Мұндай рөлдер өзіме ұнамайтын еді. Сондықтан да фильмге түсу туралы ұсыныстардың бірін де қабыл алмадым.

"Екі арыстың ортасында"

- Фильмге түсу идеясы қайдан шықты? Телехикая режисері кім? Бұл жобамен қандай компания айналысуда?

- Фейсбуктегі досым Қанағат Мұстафинмен сөйлесіп отырып өзінің көп фильмдерін түсіріп жүргенін айтып қалды. Таяуда ол өзінің «Қарашаңырақ» атты фильмін түсірген болатын. Сол әлеуметтік желіде сөйлесіп отырып, оған қашан фильмге түсуге шақырасың, мына той-томалақтан шаршадық қой деп әзіл-қалжыңы аралас хабарлама жібердім. Сол сәттен ол фильмге шақыратынын айтты, міне, қазір өз сөзінде тұрып фильмге шақырды. Оның «Қанайдар» продюсерлік орталығы 15 телехикаядан тұратын жоба дайындап жатыр. Сол телехикаяда Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысының рөлін сомдаймын. Менің кейіпкерім өмірін жұмысқа арнаған, жалғыз ілікті, отбасы жоқ әйел. Жұмыс орнын өз үйіндей көретін адамның рөлін сомдайтынымды ғана айта аламын. Фильмнің қашан шығатыны жайлы және қалай аталатыны жайлы біз әзірге айта алмаймыз.

- Фильмде әйел адамның образын сомдаймын дедіңіз. Жас кезіңізде фильмге түспей, кеш түсіп жатырмын деп ойламайсыз ба?

- Журналистердің көп қоятын сұрақтарының бірі осы фильмге көп түспейтінім жайлы. Бірақ мен перінің қызы емеспін. 20 жастағы Меруерт пен қырықтан асқан Меруерттің бірдей болуы мүмкін емес, әрине. Бірақ, құдайға шүкір, киноға кеш түсіп жатырмын деп ойламаймын. Біз енді әнші болғандықтан бейнеклип те түсіреміз, фильмге де түсе береміз. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ.

- Фильм дәл туған күніңізде түсіріліп жатқандықтан тосын сыйлар мен жаңалықтар көп шығар?

- Бүгінгі жұмыс өте әдемі жұмыс деп ойлаймын. Өмірімнің маңызды күнін жұмыста отырып өткізгенім үшін, өнермен бірге өткізгенім үшін өзімді бақытты санаймын. Бүгін таң атпай, сағат жетіде өмірімдегі ең қымбат адам маған үлкен шоқ гүлін сыйлады. Одан кейін туған-туыстарым құттықтап, тіпті әлеуметтік желідегі парақшама кереметтей құттықтау тілектер келіп жатыр. Ал кешке жақын адамдарымызбен отырыс жасаймыз. Бастысы Павлодардан менің анам арнайы келіпті. Осы қуаныштардың барлығы да бір күнде болатыны мені неге өкіндіруі керек? Бұл мен үшін бақыт.

- Өміріңіздегі ең қымбат адам туралы оқырман білгісі келетін шығар? Алдағы уақытта өміріңізде өзгерістер бола ма?

- Бұл сұраққа өмірімде алдағы уақытта жақсы өзгерістер күтіп тұр деп қана жауап берейін. Себебі уақыттың еншісіндегі өзгерістер туралы айту тым ерте. Сол өзгерістер болған күні сіздерге ең бірінші болып хабарласуға уәде беремін.

- Келістік! Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

Сурет: facebook.com

А. Құлтай