Facebook акционерлері #3

Facebook акционерлері #3
Фото: jewishbusinessnews.com

2004 жылы Гарвард жатақханасында құрылған Facebook әлеуметтік желісі қазір ең жылдам дамып келе жатқан IT-компаниялардың біріне айналды. Егер компанияға IPO-ға дейін инвестиция құйып, оның небары 0,1%-ын сатып алғаныңызда дивидендіңіз 100 миллион АҚШ долларына айналар еді. Сол үшін де IT-компаниялардың IPO-ға шығуы кез келген инвесторды қызықтырады. Желінің негізін салған Марк Цукерберг 21 жасында алғашқы миллионын тауып, 28-ге келгенде «ең жас миллиардер» атанады.

2012 жылы өткен IPO-дан Марк Цукерберг ең үлкен табысты иеленеді. Акциялар сатылғаннан кейін Марктің еншісінде компанияның 28,2% үлесі мен бас директор лауазымы қалады. Айта кетсек, 1986 жылы Microsoft IPO-ға шыққан кезде Билл Гейтс корпорацияның 49,2% акциясына иелік еткен. Ал 2004 жылы Google акциялары Нью-Йорк биржасында сатылғаннан кейін Сергей Брин мен Ларри Пейдж (Google негізін салушылар) компанияның небары 15% акциясын басқарған.

Басы

Mail.ru Group

Орыс миллиардері Юрий Мильнер 2009 жылы 200 миллион АҚШ долларына Марк стартапының 1,96% акциясын сатып алады. Мильнер 2011 жылы тағы біршама акция пайызын сатып алады. Одан 750 миллион АҚШ доллары көлемінде табысқа жетеді. Юрий басқаратын Digital Sky Technologies инвестициялық қоры Facebook акциялары жаппай сатылымға шыққаннан кейін $1,7 миллиард дивидент алады.

Mail.Ru Group — интернет жобаларға инвестиция салумен айналысатын орыстың ең үлкен IT-компаниясы. Mail.Ru 2010 жылға дейін Digital Sky Technologies (DST) бизнес бірлестігінің құрамына кірген. Кейіннен екіге бөлініп, DST Ресейден тыс елдердегі стартаптарға қаржы бөлу мәселесін қарастырату міндеттеледі. Қазір аталған инвестициялық қорды миллионер Юрий Мильнер басқарады.

Штаб-пәтері Мәскеу қаласында орналасқан Mail.Ru Group компаниясы «Одноклассники», «ВКонтакте» және «Мой Мир» сынды әлеуметтік желілерді, «Агент Mail.Ru» мен «ICQ» мессенджерлерін, Mail.ru пошта қызметін және өзге де ТМД елдеріндегі интернет компанияларын еншілейді. Ресейде USM Holding инвестициялық қорды құрған Әлишер Усманов Mail.Ru Group компаниясының негізгі акционері саналады. Forbes рейтингінде 67-орында тұрған өзбек миллардерінің табысы 20 миллиард АҚШ долларына тең.

Жалғасы бар ...

Ж. Өрісбай