Музыка мерекесі мәресіне жетті

Музыка мерекесі мәресіне жетті
Фото: massaget.kz

Алматы шаһары – түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін бір жерде тоғыстырған мульти-мәдениетті орта. Жергілікті тұрғындар мен қонақтар жүрегінен айрықша орын алған сұлу қаланың осы басты ерекшелігін көрсететін бірегей шара болса, ол – The Spirit of Tengri фестивалі.

Кеше ғана Алматы қаласы Республика сарайының алдында осы шараның жабылу салтанаты өтті. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған музыка мерекесін жыл бойы күткен көпшілік екі күн бойы жан тебірентер сазды әуенге еліте, құмары қанғанша биледі. Әлем елдерінің этникалық салт-дәстүрін Қазақстан жерінде таныстыратын мәдени жобаға аса контрастты қонақтар жиылды. Олардың қатарында кәрі де, жас та, түрлі ұлт, ұлыс, діни сенім, нәсіл өкілдері де болды.

Қазіргі заманғы этникалық музыканың Қазақстандағы тұңғыш халықаралық фестивалі – The Spirit of Tengri 2013 жылдың 8 маусымында бірінші рет өткен еді. Оған 11 музыкалық ұжым қатысты. Арасында "Алдаспан", Hapanasasa топтары мен Найя, Қорлан сияқты орындаушылар болды. Фестивальді рок-сахнаның отандық ардагері – "Роксонаки" тобы ашқан еді.

Ал былтыр фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатыcқан. Олардың ішінде: Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тыва), DJ Rizzo (АҚШ), "Арғымақ" (Башқұртстан), Екатерина Ямщикова (Башқұртстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Венгрия), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) және Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары.

Биыл Қазақстан атынан "Тиграхауд" және "Алдаспан" этникалық рок-тобы, диджейлер: Nariman Issenov, Arsen Superfly, Rustam Ospanoff, Roman Bazhanov, "Барабаны Алматы" жобасы фестивальдің алғашқы күні өнер көрсеткен болатын. Сонымен қатар, іс-шарада Тываның Huun Huur Tu тобының шығармашылығымен де танысу мүмкіндігі туды. Олар сахнаға америкалық диджей Кармен Риццомен шықса, орыстың халық әндерін Башқұрстаннан келген "Катя Ямщикова" атты фольк-жобаның қатысушылары таныстырды.

Ал қалған музыканттар The Spirit of Tengri сахнасында бірінші рет өнер көрсетті. Олардың қатарында Oki Dub Ainu Band, Гвинеядан келген Sekou Kouyate, Роберт Юлдашевтың ұжымы – башқұрстандық "Курайсы" тобы, Литваның Marga Muzika тобы, Алжир мен Франциядан келген Speed Caravan, Бурятиядан Shono бар. Шараның бірінші концертін Израильден келген Dudu Tassa & The Kuwaitis тобы қорытындылаған еді.
Атадан қалған мәдени мұраны сақтап қалумен қоса, халықтар достастығын мақсат тұтатын шара бүгінде ұлттық деңгейдегі мәдени брендке айналды.

Шараны асыға күтетіндер үшін екі күн көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Құмары қанбай қалғандарға айтар жақсы жаңалығымыз бар. Бұл күйді қайта кешу үшін ендігі жаз айналып жеткенше күтудің қажеті жоқ.

Себебі, жақын арада этникалық музыка фестивалі Астанада өтеді. The Spirit of Tengri фестивалі Астанада EXPO-2017 көрмесі аясында өткізіледі. Мәдениет министрлігімен біріге отырып Nomad Way бес күндік фестивалін және елорда әкімдігімен бірігіп The Spirit of Astana кеші өтеді.

А. Оралқызы