The Spirit оf Tengri фестивалінде 2 мәрте Грэмми иегері өнер көрсетеді

The Spirit оf Tengri фестивалінде 2 мәрте Грэмми иегері өнер көрсетеді
Фото: kaz.tengrinews.kz

Америкалық дыбыс жазу академиясының жарты ғасырдан астам тарихы бар аса беделді «Грэмми» сыйлығының иегері DJ Carmen Rizzo бүгін тывалық "Хуун-Хуур-Ту" тобымен бірге өнер көрсетеді.

Риццо мырзаның айтуынша, ұсынысты диджейдің өзі жасаған екен. Біріккен жоба авторларының жоспары бойынша бастапқыда әуеннің мәнері барынша дәстүрлі сарында болған. Бірақ кейін әлем таныған музыкант оған электрондық музыканың элементтерін қосу арқылы әндердің заманауи дыбысталуына мүмкіндік жасады.

Аталмыш шара негізінде еліміздің оңтүстік астанасына екінші рет келіп отырған Carmen Rizzo Алматыға ат басын бұрмас бұрын Америка Құрама Штаттарының Калифорния штатында орналасқан Коачелла алқабында өткізілетін музыка мен өнер фестиваліне қатысқан екен.

Диджей The Spirit оf Tengri фестивалінің де Коачелла деңгейіндегідей кең ауқымда аталып өткенін қалайтынын айтты.

Түрлі мәдениет тоғысқан Алматы шаһарына қайта оралғанына қуанышты екенін жасырмаған қонақ өткен жылы Үлкен Алматы көліне барып, тұмса табиғат сұлулығына тәнті болғанын да айтты.

Ол былтырғы концертке "тамаша" деген баға беріп, фестивалдің бес жылдық мерейтойына қатысу мүмкіндігін асыға күткенін атап өтті. 

Риццо мырза: "Мен осы фестивальдің ұйымдастырылуына және дайындық барысына қатты таңғалдым. Сондай-ақ, маған қаланың әсемдігі мен жалпы Қазақстан қатты ұнады. Биыл мен шоуымыз өткен жылғыға ұқсас болмауы үшін жаңа материал дайындап келдім. Әуен биге шақыратын болады", - деді.

2 мәрте Грэмми иегерімен бірлесе өнер көрсететін "Хуун-Хуур-Ту" тобының әндерін бүкіл әлем біледі. Музыканттар тываның дәстүрлі әндерін орындайды. Олар әдетте көмеймен ән айтады. Орындаушы бір уақытта бірнеше нотаны алып, көп дауысты солоға айналдыра алады.

25 жылдық мансабында музыканттар Stevie Wonder, Frank Zappa, Mickey Heart and Bob Weir (Greatful Dead), Shankar, Kronos Quartet сияқты танымал әншілермен бірігіп әндер жазып, өнер көрсеткен.  "Хуун-Хуур-Ту" тобы АҚШ-та танымал диджей Carmen Rizzo-мен бірнеше жыл бұрын жұмыс істей бастаған. 2009 жылы музыканттар бірігіп Eternal альбомын шығарып, АҚШ қалаларын аралаған. 

Айта кетейік, Carmen Rizzo мен "Хуун-Хуур-Ту" музыканттарының біріккен жобасын тамашалауға әлі де мүмкіндігіңіз бар. Алаңға асығыңыз!

А. Оралқызы