Димаштың концертіне билеттер сатылымға шықты

Димаштың концертіне билеттер сатылымға шықты
Фото: vk.com

Қазақ елінің мақтанышына айналған "Азияның ең танымал әншісі", отандасымыз Димаш Құдайбергеновтің концертіне билеттер сатылымға шықты, деп хабарлайды Массагет тілшісі. Осыған дейін әншінің Астана қаласында жеке концерті өтетіні туралы хабарлаған едік.

Концерт елордадағы «Сарыарқа» Республикалық велотрегінде өтеді деп күтілуде. Билетті мына сілтемеге кіріп, онлайн тапсырыс беріп ала аласыз.

Айта кетейік, бұған дейін Димаш «Жэньминь жибао» («Халық газеті») басылымына сұхбат беріп, қытайлық азаматтарды Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне шақырған болатын. Әнші "Биыл маусым айында Қазақстанда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ашылады. ЭКСПО көрмесі тұңғыш рет Орталық Азия елінде өткізіледі. Барлықтарыңызды Қазақстанға келіп, ЭКСПО көрмесін тамашалауға, қазақтың әсем табиғатын көруге, дәмді тағамдарынан ауыз тиюге шақырамын. Бәрі сәтімен болса,  мен аталған көрмеде ән айтатын боламын", - деген еді.

Естеріңізге сала кетейік, Димаш кеше Астанаға 6:50-де ұшып келді. Димаш Құдайберген мен Алпамыс Шәрімовты әуежайдан Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған бір топ зиялы қауым мен әншінің ата-әжесі, әке-шешесі, бауырлары және қарапайым жанкүйерлер күтіп алды. Кешке Орталық концерт залында Димашпен кездесу ұйымдастырылып, келген халықта шек болмаған. 

Ж. Жұмағұлов