Димаш Астанада жеке концерт береді

Димаш Астанада жеке концерт береді
Фото: vk.com

Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде танымал әнші Димаш Құдайбергеновтың жеке концерті өтеді. Бұл туралы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің мәдени ойын-сауықтық және спорттық іс-шараларының кешенді бағдарламасы жарияланған expo2017culture.kz сайтында хабарланды.

Аталған сайтта концерт елордадағы «Сарыарқа» Республикалық велотрегінде 27 маусым күні кешкі 19:00-де басталады деп көрсетілген. Кеш ұзақтығы 2 сағатқа созылады деп жоспарланған. Әзірге билеттер сатылымға шыққан жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Димаш «Жэньминь жибао» («Халық газеті») басылымына сұхбат беріп, қытайлық азаматтарды Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне шақырған болатын.

Әнші "Биыл маусым айында Қазақстанда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ашылады. ЭКСПО көрмесі тұңғыш рет Орталық Азия елінде өткізіледі. Барлықтарыңызды Қазақстанға келіп, ЭКСПО көрмесін тамашалауға, қазақтың әсем табиғатын көруге, дәмді тағамдарынан ауыз тиюге шақырамын.  Бәрі сәтімен болса,  мен аталмыш көрмеде ән айтатын боламын", - деген еді.

Күні кеше «I am singer » ән байқауының 10-кезеңі эфирден көрсетілді. Димаш бұл кезеңде Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған өзінің «Ұмытылмас күн» әнін қазақ және қытай тілінде орындап, 3-орыннан көрінді. Жалпы есеп бойынша жоғары ұпай жинаған ол бірден финалға өтті.

Ж. Жұмағұлов