«Лабиринт жүгірушіcі: от сынағы» фильмі көруге тұрарлық па?

«Лабиринт жүгірушіcі: от сынағы» фильмі көруге тұрарлық па?
Фото: jeancocteaucinema.com

16 қыркүйек күні «Достық Плаза» кешеніндегі Cinemax кинотеатры журналистерге арнап «Лабиринт жүгірушісі: от сынағы» фильмінің жабық көрсетілімін ұйымдастырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл фильм - 2014 жылы шыққан «Лабиринт жүгірушісі» кинотуындысының жалғасы. Екі бөліміне де Уэс Болл атты режиссер жетекшілік етті. Бірінші бөлімі «Тоқтаушы болма» деген ұранмен табысталды. Басты рөлдегі Томасты сомдаған Дилан О'Брайeн екінші бөлімде де ойнады.

Араға ұзақ уақыт салмай жалғасқан екінші бөлімінде актерлердің түр-әлпеті аса өзгере қойған жоқ. 60 шақты жігіттердің ортасында жалғыз қалған Тереза бір жыл ішінде салмақ қосып, бой жетіп, өзгергені болмаса, өзге актерлер фильмнің бөлімдерінің арасында ұзақ мерзім бар екенін білдіртпейді.

«Лабиринт жүгірушісі: от сынағы» фильмінің қаржысы 26 800 000 АҚШ долларына тең. Бірінші бөлімін мақтап, екіншісін асыға күтіп жүрген көрермендер шығысты екі не тіпті үш есе етіп қайтаруға көмектесеріне күмән жоқ.

Фильмнің өзіне келсек, актерлер ойынынан бастайық. Томастың ақкөңілділігі, батылдығы мен достарына деген адалдығы талай рет серіктерін аман алып қалған. Бұл бөлімде де Томас ержүректілігімен көрерменді тәнті етеді. Бірінші бөлімде Томасқа серік болған достарының ойынын да атап өткен жөн. Қорқыныш, үрей, қимастық сезімдерін жақсы көрсете білді. Тереза рөлінің ауысқаны тосын сый болды. Әрбір сынақ сайын қатары азайып келе жатқанын көрген Томас ары қарай не істеу керектігін білмей біраз қынжылады. Олар қайда қашып, кімнен көмек сұрарын білмей, талай адасады.

Фильмнің графикасы, видеомонтаж бәрі жақсы деңгейде жасалған. Режиссер мен продюсерлер қиялы мен еңбегін аямағаны бірден білінеді. Костюмерлерге бас иіп, қол шапалақтауға болады. Жаңа кейіпкерлердің киімі мен аяқ киімдері тақырыпқа сай. Бұл жерде біз сән жағынан емес, талғам жағынан талдап айтып отырмыз.

Әдетте фильм көру барысында смартфонымдағы «Shazam» қосымшасын дайындап отырамын. Құлаққа жағымды әнді дереу тауып, сақтап қою керек. Алайда бұл жолы оны бірде бір рет қоспадым. Ешбір әуен ұнаған жоқ. Бұл фильмнің кемшілігі деп айтуға келмейді.

Фильмнің соңында үшінші бөлімге деген үміт пайда болады. Өз басым, антиутопия жанрын ұнатамын, сол себепті жаңа фэнтэзи туындыларына риза боламын. Осыған дейін шыққан антиутопия фильмдерінің ішінде «Лабиринт жүгірушісі: от сынағы» туындысы топ жарып, үздік атануға лайық.

Фильмнің трейлері

«Лабиринт жүгірушісі: от сынағы» фильмі елімізде бүгін, яғни 17 қыркүйек күні прокатқа шығады.

Ф. Абилова