«Демалыс» фильмі көрерменге жол тартты

«Демалыс» фильмі көрерменге жол тартты
Фото: plus.google.com

25 тамыз күні Алматыдағы «Достық Плаза» кешенінің Cinemax кинотеатрында «Демалыс» фильмінің жабық көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сюжет желісі бойынша Расти Гризвольд отбасын қыдырту үшін өзінің бала кезінде жақсы көрген бағына апаруды жоспарлайды. Шамамен 3000 шақырым жолда Расти мен жанұясы сан түрлі оқиғаға тап болады. Ең соңында олар киім, дүние, ақша, құжат, тіпті көліксіз қалады.

Трейлерді тамашалаған адам фильмді көруге қызықпауы мүмкін. Алайда бұл осы жылдың ең күлкілі фильмдерінің бірі. Комедия, шытырман оқиға жанрындағы бұл фильм өз мақсатын орындады.

Романтизм бұл туындыда көп емес. Әрі бұл фильмді кәмелет жасқа толған азаматтар ғана көргені жөн. Себебі көптеген америкалық туынды секілді «Демалыс» фильмінде де адамды қысылтатын эпизодтар бар.

Фильм бойындағы көптеген оқиғаның арасында көрерменді таңғалдырған желілер баршылық. «Қазір былай болады, мына кейіпкер былай айтатын шығар» деген болжамдарыңыз орындалмауы мүмкін. Бұл жағынан сценарий жақсы ойластырылған деген баға беруге болады.

Қамқор, аңқау, мейірімді әке балалары мен сүйікті жарын қуантуға барын салады. Алайда бар жоспары бұзылады. Расти оларды қалай шешеді? Мұны әр көрермен өз көзімен көргені жөн.

Графика жағына келсек, режиссер мен монтажер жақсы жұмыс атқарғаны сөзсіз. Кейбір сәйкессіздіктерді елемегенде, сценарий толық ойластырылған. Сонымен қатар фильмге таңдалған әуендер де құлаққа жағымды.

Фильмнің трейлері

«Демалыс» фильмі елімізде 27 тамыздан бастап прокатқа шығады.  

Ф. Абилова