«Тыңшы» фильмін қарауға 5 себеп

«Тыңшы» фильмін қарауға 5 себеп
Фото: filmhdwallpapers.com

2015 жылы «Тыңшы/Spy» атты туынды прокатқа шықты. Аталған фильм комедия, боевик, криминал жанрында ұсынылды.

Бұл туынды прокатқа шыға салысымен көрерменді таңғалдырғаны сөзсіз. Неге десеңіз, атауына және постердің бетінде тұрған Стэтхэмнің бейнесіне қарап боевик, экшн, криминал күтесің. Алайда бұл фильм төбелес, атыспен қатар мысқылдаудан басталған.

Фаин атты агенттің тұрақты көмекшісі болады. Ол Фаинға міндеттелген істі атқарып, камераларды, тыңшы аппараттарын, жылу сезетін құрылғыларды бақылап, агентке қай жолмен жүріп, не істеу керектігін айтып отырады. Ол көмекшінің аты – Сюзан Купер. Сюзан бұрыннан бері Фаинге ғашық. Соңғы тапсырмада бір жауыз адамның қызы агентті кек алу мақсатында өлтіреді. Мұны өз көзімен көрген Сюзан әлгі қыздан кегін қайтару үшін тапсырманы орындауға рұқсат сұрайды.

Арнайы академияда оқып, дайындалған Сюзан әр тапсырмада өзін нағыз агент ретінде ұстап, күтпеген әрекеттер жасап, көрерменді таңғалдырады. Өмірін сақтап қалу үшін қиын кезде таңдау жасап, лезде өтірік айтып, тез әрекеттене алатынын көрсетеді.

Сюжеттің шиеленісетін жеріне келгенде, Сюзан күтпеген жағдайға тап болады. Біраз уақыт бұрын қайтыс болған Фаинның тірі екені анықталады. Алайда ол бұрынғы адал досы, серіктесі емес, сатқын, екіжүзді тыңшы болып шығады.

Бұл фильмді көруге мынадай 5 себепті анықтадық:

1. Фильмнің сюжеті ерекше әрі қызықты;
2. Фильмнің актерлері жақсы таңдалған, әрқайсысы өз рөлін жақсы сомдап шыққан;
3. Сюжет желісі, актерлер ойыны, сөздері, әрекеттері өте күлкілі;
4. Бұл фильм қыздар қауымына ерекше ұнайды әрі өз-өзін қорғауды үйренуге ынталандырады;
5. Фильм денесі толық келетін қыздарға қысылып, ұялмау керектігін және кез келген адам рухын тәрбиелесе, тартымды, әр істе шебер бола алатынын көрсетеді.

Әрине бұл туындының да кемшіліктері жоқ емес. Соның бірі және бастысы - Джейсон Стэтхэмнің рөлі. Алғашқы постер мен трейлерді қараған көрермен Джейсонның бар екеніне риза болып, асыға күткен еді. Алайда бұл фильмде әйгілі Стэтхэм мықты тыңшы, басты рөлдегі қаһарман ретінде емес, күлдіргіш, өз орнын білмей жүрген адам рөлін ойнады. Джейсонның жылдар бойы жинаған "беделіне" бұл рөлі сай келмейді деп айтуға болады.

Фильмді көру барысында сюжеті айдан анық деп ойламаңыз. Себебі бұл біз үйренген боевик жанрындағы тыңшылар туралы фильм емес. Бұл – комедия мен криминал, боевик араласқан, сюжеті ерекше туынды.

Ф. Абилова