Он төрт қасқыр қорықты апаттан құтқарды

Он төрт қасқыр қорықты апаттан құтқарды
Фото: vk.com

1995 жылы басталған бұл оқиға табиғаттағы үйлесімділіктің қаншалықты маңызды екенін ашып көрсетеді. Ғалымдар сол жылы Вайоминг, Монтана және Айдахо штаттарында орналасқан Йэллоустоун ұлттық саябағына он төрт қасқыр жіберген еді. Араға уақыт салып, аймақтың экожүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырайды. "Қалай?" дейсіз ғой. Жауабы таңғаларлық.

Йэллоустоун жануарлары 70 жылдан астам қасқырсыз өздерімен өздері өмір сүріп келген. Жыртқыштың болмауы себебінен мұнда жылдар бойы маралдар билік құрған. Олардың көбейгені соншалық, айналадағы шөптің біршама азаюына әсер еткен. Маралдар санының өсуін, тіпті, адам баласы да тоқтата алмаған. Әлбетте, саябаққа жіберілген он төрт қасқыр барлық маралды жеп тауыспағаны анық. Бірақ жыртқыштар пайда болғалы олар қорықтың кейбір аймақтарына баруды доғарған әрі жүріп-тұруы ретке келген. Тиісінше, марал бармаған жерде шөптің өсуі де өз қалпына келген. Алты жылдың ішінде ормандағы ағаштың саны бес есеге өскен. Оның әсерінен ағаш қабығын кеміріп, тоғандар жасауды сүйетін құндыздар көбейген. Тоғандар пайда болған соң, су қойнаулары балыққа, артынша ондатр мен үйрекке толған. Су бар жерде – тіршілік бар. Айналаға сондай-ақ қоян мен тиіндер де қаптай бастаған. Олардың көптігі қорыққа түлкі мен күзеннің, жыртқыш құстардың келуіне әсер еткен. Ал, жидектің көбеюіне орай, аюлардың да саны артқан.

Ең қызығы, қасқырлар, тіпті, өзен ағысының реттелуіне де септіктерін тигізген. Ағаш пен шөптің көптеп өсуі өзен жағасын нығайтқан. Нәтижесінде су арнасы түзеліп, жағаның опырылуы азайған. Осылайша небәрі он төрт қасқыр қорықтың экожүйесінің өзгеруіне әсер етіп, Йэллоустоунды үлкен табиғи апаттан аман алып қалған.

Y. Almabek