Қасқыр мен ит бір-біріне неге өш?

Қасқыр мен ит бір-біріне неге өш?

Қасқыр мен ит өш. Қасқырдың дыбысын білген ит үріп, тағатсызданып тоқтамайды. Себебі иттің қасқырдан күші аз, оған жеке-дара шабуға тайсақтайды. Топтасқан ит қасқырларға шабуылдағыш келеді. Көбінде "ұялас" бөрібасар, төбеттер қасқырға батыл шабады.

Жеке иттерді қасқырлар қора шетінде бірі басынан, бірі аяғынан тартып, бөліп құйрығын қарға шаншып жүре береді. Қасқыр иттен өктем келеді. Сол үшін арнайы азулы төбеттер мен қасқыр алатын, күшті тазыларды қасқыр алуға баулиды. Аңшы екі, үш арлан төбетті аң ұстауға үйретіп, баулып, аңға қосқанда, күш беріп арқаландырып отырады. Қасқырға шапқан иттерге айқайлап дем беріп, ұстаған кезде иттерге көмек етеді.

Ит неге қасқырды батыл ала алмайды деген турасында қазақта мынадай аңыз бар: Ежелгі Баласағұн қаласына иелік еткен бір байдың баласы түс көріпті. Түсінде ол күн шығар тұстан бір тік құлақты қара ит шығып, сілекейі шұбыра, оны қуып келе жатса керек. Бай әкесі атақты балгерден баласының түсін жорытыпты, сонда балгер: "Тақсыр, балаңызды жегелі қасқырдың сырттаны жолға шығыпты. Оның қаншығы сіздің балаңыздың жүрегіне жерік екен. Бай оған сенбей, одан да үлкен, аты шыққан көріпкел балгерді алдырып, баланың түсін жорытқанда, ол да әлгі балгер айтқанды айтады. Сонда бай балгерге: "Менің баламды өлімнен құтқарудың қандай жолы бар, егер соны тапсаң, бар тілегіңді орындайын" дейді амалсыздан. Балгер: "Бір құтқарса, сіздің балаңызды осыдан төрт күндік жерде бір кедейдің сырттан иті бар, жетіп үлгерсе, сол құтқаруы мүмкін. Баланы тез сонда аттандырыңыз",- депті. Бай сөзге келместен, баласын сәйгүлікке мінгізіп, асығыс жібереді.

Баласы үш күн шауып, аты да, өзі де шаршаған кезде, алдынан қасқыр шығып қуып, иттің даусынан қашады, бірақ қалып қалмай тағы қуғанда, алдыңғы жақтан әлгі ит тағы үреді. Біраздан кейін иттің үруі басылғанда, қасқыр қайта қуып, баланы ұзатпай жетіп, шапқан аттың құйрығынан тістеп, төрт тағандап тартқанда, ат еріксіз тоқтаған екен. Осы кезде ит үріп, алдарынан ақсарбас төбет жүгіріп шығады. Итті көрген қасқыр атты жібере сала, орнынан тапжылмай тұра қалады. Арлан төбет бір-біріне жақындай келе, бір сәтте арпалыса жөнеледі. Ит адамдардың оқыс даусынан артына бұрылғанда, қасқыр атылып сары төбетті желкесінен басып қалады. Осы кезде иттің иесі де жетіп: "Қап, әттеген-ай, бекер жасадың, енді иттерге қасқыр қожалық ететін болды",- деп, беліндегі кездігімен қасқырдың қарнын жарып жіберген екен. Сол жерде иттің сырттаны да, қасқырдың көкжалы да мерт болды. Міне, содан бері итті бұрын тістеп, басып қалған қасқыр тегі ит атаулыға үстемдік жасап келеді. Ал ит болса, тек иесі болғанда ғана сес көрсете алады деседі. Аңыздың сорабы иттердің көбі қасқырға қарсы шабудан ілуде біреуі болмаса, жүрегі дауаламайтындығын меңзесе керек.

Тазыдан басқа дүрегей иттер де аңшыға серік болады. Аңшы  ит - аңшының серігі, қорғаушысы. Аңның қайда жатқанын иісінен біліп, иесіне белгі береді. Түнде аңшы жалғыз жатқанда, аңшыны қорғап, асырайды.

Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. " Саятшылық - қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған

Сурет: statics.photodom.com

Е. Жұмабайұлы